Алматы әкімі полиция жұмысына өзгеріс енгізуді тапсырды

Бақытжан Сағынтаев қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін полицияның жұмыс тиімділігін арттыруды тапсырды. Бұл туралы Алматы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы әкімі Полиция департаментінің жедел басқару орталығында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша кеңес өткізді. Басты міндет – қылмысты түбегейлі азайту және халықтың полицияға сенімін арттыру.

Кеңес барысында мегаполисте құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі мәселелері қаралды.

Қала әкімі полиция жұмысына сапалы өзгерістер енгізуді тапсырды. Оның айтуынша, патрульдік қызмет жұмысын қайта қарау және құқық бұзушылықты жедел анықтау үшін бейнебақылау желісін кеңейту қажет.Сонымен бірге ақпараттық жұмыстарды күшейтіп, тұрғындардың қауіпсіздігін жақсарту жолында жүзеге асқан нақты шараларды кеңінен түсіндірген жөн.

Полиция департаменті учаскелік пункттерге тексеру жүргізіп, жаңарту туралы ұсыныс беруі тиіс.

Бұл жұмыс Қоғамдық кеңеспен тығыз байланыста болуы керек. Қылмыс деңгейі төмендесе, бірлесіп атқарылған жұмыстың нәтижелі болғаны. Жалпы адамдар өздерін қауіпсіз сезінуі тиіс, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Қоғамдық кеңес мүшелері пікірі мен ұсыныстарын айтты. Кеңес барысында «Қазақстанның газ ассоциациясы» заңгерлері қоғамдық қауымдастығының президенті Андрей Моргунов, «Ақжол» демократиялық партиясы АҚФ төрағасы Нұрлан Жазылбеков, ExspressAutoservice компаниясының президенті Александр Белянов, «Ақпарттық –ресурстық орталық» ҚҚ директоры Алтынай Көбеева ойын ортаға салды.

Қала әкімі Алматы прокуратурасының құқық қорғау қызметі Орталығының жұмысымен, ЕРАП функционалды желісімен және «Е- қылмысты іс» жүйесімен, «Қауіпсіз қалаға 21 қадам» жобасымен танысты.