Назерке Қалидолда — Google компаниясының Париждегі штаб-пәтерінің программисі. Ол О.Жәутіков атындағы республикалық дарынды балаларға арналған мамандандырылған физика-математика орта мектеп-интернатында білім алған. Назарбаев Университетін компьютер ғылымдары мамандығы бойынша бітірген. АҚШ-тағы Кремний алқабында программалау мектебінде білім жетілдірген. 

— Компьютер ғылымдарына оқушы кезіңізден қызықтыңыз ба?

— Оқушы кезімде барлық пән ұнады. Ешқайсын бөлгім келмеді. Бірақ жаратылыстану бағытындағы пәндерге ерекше назар аударып, математиканы сүйіп оқыдым. Мұғалімдер менің программалауға қабілетімді байқап, информатика пәнінен олимпиадаларға қатыстырды. 2012 жылы программалау бойынша Еуразия мен Ресейдің мектеп оқушыларына арналған олимпиадада тобымызбен қола жүлдеге ие болдық. Ал 2013 жылы информатика пәні бойынша республикалық олимпиадада жүлдегер атандым. Осы орайда программалауды үйреткен ұстаздарым Гүлнұр Ғабдуқызы мен Данабек Ризабекұлына алғыс айтқым келеді. Ата-анам да әрқашан қолдап, менің таңдауыма сенді. Робот техникасына осы олимпиадалардан бастап қызықтым. Университетте оқығанда Анара Сандығұлованың жетекшілігімен ым тілін түсіндіретін робот құрастырдым.

— Бәрекелді! Осы робот жөнінде толығырақ айтсаңыз.

— Бұл авторлық жұмысты құрастыру сабақта берілген тапсырма еді. Кейін Анара Сандығұлованың кеңесімен жобаны жетілдіріп, құлағы естімейтін, сөйлей алмайтын адамдарға көмектескім келді. Сөйлей алмайтын адамға біздің қоғамда толық жағдай жасалмаған. Авторлық жобамды іске асыру үшін біраз қиналдым. Бастапқы уақытта Германиядан келген профессормен ым түрлерін көрсету үшін нейрон жүйесіндегі Custom Algorithm-ды пайдалансам, кейін Open Source Deep Learning Libraries программасын іске қостым. Бұл менің жобамда Tensorflow (Google’s DL library) деп аталады. Мен роботымның әліпбидегі әр әріпті біліп, заттарды атай алуын қатаң бақыладым. Робот 33 ым түрін нейрон желісі мен техниканы үйретудің арқасында анықтай алады. Сіз бір ымды көрсетсеңіз, робот сенсор арқылы ақпаратты қабылдап, оны сөзге аударады. Нұр-Сұлтандағы «Үнсіз әлем» орталығында роботымды іске қосқанымда көпшілік қызықты. Роботым «Халыққа қызмет көрсету орталығында» жұмыс істеу үшін құрастырылды. Жобадағы робот — Франциядан әкелінген альдебаран NAO Robot. Деректерді жинау үшін (Data Collection) Leap Motion атты Kinect-ке ұқсас сенсор пайдаланады. Барлық есептеу, соның ішінде тестілеу мен тексеру компьютерде орындалып, роботқа жіберіледі. Бір сөзбен айтқанда, робот — адам мен компьютер арасындағы алтын көпір. Бәрі NAO Robot десе, мен оны Cutie деймін. Өйткені ол сондай сүп-сүйкімді.

2017 жылы Сингапурде робот техникасы мен автоматтандыру бойынша өткен халықаралық конференцияда ым тілін түсіндіретін роботымды таныстырдым. Арман Сүлейменовтің тобы ұйымдастыратын nFactoral мобайл қосымшалар байқауына қатысып, «Ым әлемі» атты iOS қосымшасын құрастырдым. Кейін мобайл қосымшаның Android нұсқасын да жасадым.

Назерке Қалидолда
Назерке Қалидолда. Фото жеке архивінен

— Google компаниясына қалай жұмысқа орналастыңыз?

— Негізі мен программист мамандығын бітірдім. Оның робот техникасына қатысы жоқ. 2016 жылы Лондонда өткен Google-дің менторлық бағдарламасында белсенділік көрсетіп қатысқан соң мамандығыма қызыға түстім. Ол кезде 2-курс студенті едім. Бұған дейін ешбір студент ментор болуға өтініш жібермеген. Содан бір күні компания менеджері хабарласып, менің мәліметтерім анықтама базасында бар деп айтқанда өзім де таңғалдым. Сұхбат алуға келісімімді сұрады. Мен қуана-қуана баратын болдым. 20 дана түйіндемемді шығарып, 4 эссе жаздым. Төрт әңгімелесудің екеуінен өткен соң Google компаниясында жұмыс істеймін деген үмітім сөне бастады. «Мен кім, Google кім?» деп өзіме сұрақ қойдым. Бірақ корпорацияның инженер-программисімен түскі ас ішіп, сұхбаттасудан өтіп, жұмысқа орналастым.  Қазіргі таңда мен Chrome браузерінің iOS қолданушыларына арналған программасымен жұмыс істеймін. Apple компаниясы әрқашан жаңа нұсқа құрастыратындықтан программалауға да өзгеріс енгізу қажет. Ал Google — карьерамды қалыптастыруға үлкен мүмкіндік. Университетті аяқтаған соң еш тәжірибесіз жұмысқа орналасуымды маңдайыма біткен бақ деп білемін. Күнде кәсіби мамандармен жұмыс істей отырып көп нәрсені үйреніп келемін. Бұл ғажап емес пе? Компания әр қызметкерінің денсаулығына мән беріп, тегін тамақ, массаж бен жаттығу залын ұсынады. Сонымен қатар білім алуға мүмкіндік көп.

Болашақта программалау тілін көпшілік білетін заман болады. Өйткені программалаумен жұмыс істеу қызық әрі пайдалы. Мен бірнеше үлкен-кіші топқа сабақ бердім. Бастапқыда қатысушылар қиналғанымен кейін өздеріне де ұнады. Мейлі, сіз программист болмасаңыз да, еліміздегі цифрландыруға байланысты бәрі де технологияларды пайдаланады. Ынта болса, еш қиындық жоқ. Әр нәрсенің жетістік формуласы бар емес пе? Барлық істе де «еңбек бәрін жеңбек». Технология күн сайын дамып жатыр, сондықтан программист әрқашан ізденісте болуы қажет. Google компаниясына жұмысқа орналасу барысында біраз қиындық көрдім. Бірақ ешқашан да жеңілмеу керек. Бәрі бірден бола бермейді.

— IT саласындағы қыздардың ролі қандай?

— Мектепте оқығанда программалау бойынша олимпиадаларда қыздарды өте сирек кездестірдім. Бізде әлі күнге дейін техника мамандықтарына тек жігіттер бейім деген көзқарас қалыптасқан. Алайда ондай пікірмен келіспеймін, тіпті, алғаш рет адамзатқа есептеу машинасы тілін Ада Лавлейс есімді ағылшын әйелі ашқанын бірі білсе, бірі білмейді. Ал қыздарға өздерін дәлелдеу үшін көп еңбектену қажет. Әлі күнге дейін ұлдармен жарысып жаңалық ашқанды жақсы көремін. Бірақ бағдарламашы қыздарға арналған байқаулар да бар. Мысалы, онлайн олимпиада арқылы Booking.com халықаралық хакатонына қатысып, 1062 қатысушының ішінен 6-орын алдым. Топ-20 қыз Booking.com-ның Амстердамдағы кеңсесінде болып, өзге мемлекеттердің Tech индустриясын дамытып жүрген адамдармен таныстым. Сонымен қатар Techpreneurs.kz сайтында ұйымдастырылған байқаудың жартылай финалына қатыстым. Бірде Американың қыздарға ғана ұйымдастырылған Anita Borg Organization стипендиясына ие болып, Grace Hopper Celebration of Women in Computing конференциясына қатыстым. Стипендия жол шығынын, қонақүйде тұру мен тамақтану жағын қамтамасыз етті. Онда Google, Facebook, Apple, Amazon, Microsoft, Bloomberg, Palantir, Quora, HP, Dell компанияларының бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Ал Қазақстанда программист қыздарды қолдайтын Technovation Callenge бағдарламасы бар.

— Technovation Callenge қандай бағдарлама? Сіз оны іске асыруға қатысасыз ба?

— Бағдарлама 10-нан 18 жасқа дейін қыздарға арналған. Бұған ешкім ақша төлемейді. Команда еріктілерден құралған. Сонымен қатар қыздарға ғана арналғандықтан көбі феминизм жобасы деп ойлайды. Жоқ, бұл — ІТ саласындағы әйелдерді қолдайтын бағдарлама. Басты мақсат — қоғамға пайдалы мобайл қосымша құрастыру. Екі-үш қыздан топтастырып, әрқайсысына ментор-ерікті бекітеміз. Олар бизнес-жоспар құрастырып, оның қаржылай шығыны мен әлеуметтік маңызын анықтайды. Мобайл қосымшаның құрылымы төрт кезеңнен тұрады. Бағдарламаны құрастыруда Ideation, Technology, Entrepreneurship және Pitch дизайнерлік қосымшалары пайдаланылады.

Қатысу мерзімі — төрт ай. Осы уақыт төңірегінде біз, яғни амбассадорлар, менторлар мен ұйымдастырушылар қыздарды қолдаймыз. Спикер шақырып, шеберлік дәрісін ұйымдастырамыз. Қыздардың сұрақтарына жауап табу үшін сессия өткізіп, демеушілер іздейміз. Бизнес-жоспар дайын болған соң видео түсіріп, Алматы мен Нұр-Cұлтанда байқау жариялаймыз. Байқауға шамамен 100 топ қатысады. Байқау аяқталған соң жеңімпаздардың жұмысын онлайн төрешілерге жібереміз. Жартылай финалдан өткен қатысушыларды шетелге шақырады. Мен бұл жобаның аймақтық амбассадорымын.