— Сөз өнеріндегі маңызды жанрдың бірі — балалар әдебиеті. Басқа емес, балалар әдебиетін таңдауыңызға не себеп болды? Балалардың әлемі қызықтырды ма?

— Негізінде әдебиетке деген аңсарым оқушы кезден басталды. Арман қуып, Алматыға келгендегі мақсатым да ақын болу еді. Студент кезімде жастық жалынмен түрлі тақырыпқа бойлап көрдім. Махаббат жырлары, тіпті, діни өлеңдер де жазған кезім болды. Ол өлеңдерім 2010 жылы шыққан «Кәусар» деген жыр жинағымда жарияланды.

Университетті бітіргеннен кейін журналистік жолымды балалардың «Ақ желкен» журналынан бастадым. Оқу бітіріп келген жас бала үшін «Балдырған» журналының бас редакторы Тұманбай Молдағалиев, «Ақ желкен» журналының бас редакторы Нұрғали Ораз ағалармен бірге қызмет ету абырой еді. «Балдырған», «Ақ желкен», «Ұлан» басылымдары — бәрі бір шаңырақ «Жас өркен» серіктестігіне қарайды. «Балдырғанда» Ескен Елубай, «Ұланда» Сұлтан Қалиұлы, «Ақ желкенде» Болат Үсенбаев қызмет етті. Бұл кісілердің бәрі де — балалар әдебиетінің көрнекті өкілдері. Осы кісілермен қанаттаса жүріп, қолдап-қолпаштауымен балалар әдебиетіне деген қызығушылығым оянды. Оның үстіне, балалардың әлемі де ғажайып қой. Дүниеде олар секілді талғампаз оқырман жоқ шығар. Олар өтірікті бірден байқап қояды. Оларды алдай алмайсың. Сол үшін балалар әдебиетіне жүрегінде жылуы, көкірегінде мейірімі бар адам ғана қызмет ете алады.

Серікбол Хасан
Серікбол Хасан. Фото: Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Балаларға арнап жазған ең алғашқы туындыңыз есіңізде ме? Ол қандай шығарма еді?

— Әуелі балаларға арналған әңгімелер жаза бастадым. Ол дүниелерімді Тұманбай, Болат ағалар «Балдырғанға» жиі жариялады. «Атамның алақаны», «Жасанды шырша», «Көбелек» деген қысқа ғана әңгемелерімді тырнақалды туындыларым деп атауға болатын шығар. Ал балаларға арнаған топтама өлеңдерім бірінші рет «Ұланда» жарық көрді. Осылайша менің балалар әдебиетіне біржола бағыт бұруыма себеп болды. Мені ынталандырып, жолымды ашты. Алғашқы өлеңімнің бірі — мынау, 2006 жылы, 2-курста оқып жүрген кезімде жазылды:

Әсет допқа құмар-ақ,
Әдеті осы күндегі.
Теңбіл допты қуалап,
Терлеп-тепшіп жүргені. 

Футбол ойнап күні-түн,
Жаны рақат табады.
Ақтап елдің үмітін,
Ол спортшы болады. 

Әсет жас қой әлі де,
Күшті оның талабы.
Талаптының бәрі де,
Өз бақытын табады.

— «Көбелек» деген жинағыңыз барын білеміз. Осы жинақтың шығу тариxын айтып берсеңіз?

— «Көбелекке» студент кезімнен бастап жазған, балаларға арналған әңгімелерім енді. Бұл өзі пышақтың қырындай жұп-жұқа кітапша болатын. 2009 жылы «Балалар әдебиеті» баспасынан шықты. Бұрын кім кітап шығарып көрген?! «Көбелек» шыққанда, балаша қуанғаным әлі есімде. Қазір сол әңгімелерді қайта оқысам, аздап көңілім толмайтын тұстары баршылық. Бұл енді қалыпты нәрсе шығар. Жинаққа енген әңгімелердің біразы «Балдырғанда», «Ақ желкенде» жарияланды. Қазір әңгіме жазуды сиретіп жібердім. Сіз еске жақсы түсірдіңіз, мұны қайтадан қолға алуға болатын сияқты.

Серікбол Хасан. Фото: Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Балаларға үлгі көрсетіп, тәлім-тәрбие берудегі ең маңызды нәрсе не деп ойлайсыз?

— Балаға құрғақ ақыл айтудың қажеті шамалы. Қазіргі балалар өте ақылды, іштен біліп туған. Оларға, өзіңіз айтып отырғандай, үлгі көрсету керек. Мысалы, бір уақ қолыңызға кітап алып оқыңыз. Бала да сізге қарап кітап оқығысы келеді. Қоқысты жол-жөнекей лақтыра салмай, арнайы урнаға апарып тастаңыз. Бала да соны істейді. Балаға алдымен үйдегі ата-анасы, сосын мектептегі ұстазы үлгі болуы керек. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегенді біздің қазақ бекер айтпаған.

— Қазіргі кезде балаларға арналған газет-журнал көп. Олар өздерінің сапасын қаншалықты өтеп жатыр деп ойлайсыз?

— Сапа дегенді қалай түсінуге болады? Басылымның ішкі мазмұны ма, әлде қағазы ма? Бізде әртүрлі басылым бар. Мысалы, балаларға арналған жақсы, жаңа әңгіме-өлең жариялайтын, іші балалар қызыға оқитын материалдарға бай журналдар бар. Бірақ қағазы газеттікі сияқты сапасыз. Керісінше, сырты жылтыр, түрлі-түсті, қағазы керемет, бірақ ішін ашып қалсаңыз, Уикипедиядан табуға болатын деректермен толтырып тастаған, болмаса не ұйқасы, не нәрі жоқ шығармалар, балалардың өздері жазған балғын жазбаларды редакцияламастан сол күйінде жариялай салған журналдар да жоқ емес. Бірақ қандай болса да, балаларға арналған басылымдардың мол болғаны жақсы. Қайсы дұрысырақ, қайсы қызығырақ, оны жас оқырман өзі таңдап алады.

— Қазіргі таңда өз еркімен газет, журналдарға жазылатын балалар саны аз. Мүмкін беріліп жатқан ақпарат қызықсыз ба, әлде қазіргі жастар оқуды тоқтатты ма? Қалай ойлайсыз?

— Қазір тек балалар басылымы емес, үлкендердің газет-журналдарының өзі оқырманға сусап тұр. Қазақстандағы барлық басылымның тиражы жыл санап төмендеп келеді. Оның бірнеше себебі бар. Балалар басылымы да сондай күй кешіп отыр. Ішінде бала қызығып оқитындай, әр нөмірін асыға күтетіндей жылы дүниелер жоқ болуы мүмкін. Бірақ қанша керемет етіп шығарсаң да, оқымайтын бала оқымайды. Бұған баланы кінәлаудың қажеті жоқ. Тұтас қоғам сондай. Сіздің айналаңызда, достарыңыздың арасында газетке тұрақты жазылып тұратын адам бар ма? Жоқ қой, бәрі керек ақпаратын интернеттен алады. Бала да сондай күйге түсті. Оларға газет-журнал оқығаннан көрі, YouТube-тен видео көрген қызығырақ. Болмаса, смартфоннан түрлі ойын ойнауға аңсары ауып тұрады.

Пышақтың да екі қыры бар. Интернет те сондай. Сондықтан баланың интернетке белгілі бір уақытта ғана кіруін қадағалап, басқа кезде кітап, газет-журнал оқуға баулысаңыз, солай бағыттасаңыз, оның болашағына, қандай адам болып қалыптасуына тікелей әсер етесіз. Басқаны білмеймін, өзіміз сөйтеміз. Біздің балалар интернетке күніне жарты сағатқа қана кіреді. Күніне бір-екі сағатын кітапқа арнайды. Оларға барынша жаңа кітаптар, журналдар әкеліп беруге тырысамын.

— Осы ғасыр жастары комикстерге қызығады, көп оқиды. Бірақ қазақ тілінде емес. Қазақ тілінде комикстер шықса, аудиториясы қандай болады деп ойлайсыз?

— Негізінде біз бұл жағынан біраз уақытқа кеш қалдық. Былтыр атақты американ жазушысы, Marvel-дің талай кейіпкерін дүниеге әкелген Стэн Ли дүниеден өтті. Осы Стэн Ли Marvel Comics-ке 18 жылын арнаған. Компанияның негізін қалаушылардың бірі болды. Қазіргі күні бүкіл әлем білетін Өрмекші адам (Spider-Man), Халк (Hulk), Доктор Стрэндж (Dr. Strange), Таңғажайып төртеу (Fantastic Four), Темір адам (Iron Man), Басжұлар (Daredevil), Тор (Thor), Х адамдар (X-Men) секілді кейіпкерлерді осы Стэн Ли (Джек Керби, Стив Дитко, тағы басқа суретшілермен бірге) жасап шығарды. Былай қарасаң, аталған кейіпкердің бәрі де күні кеше ғана кинокартина болып елге танылған сияқты. Алайда олардың образын жасау осыдан жарты ғасыр бұрын қолға алынды. Marvel Comics өзінің қызметін сонау 60-жылдары бастады.

Марвел кейіпкерлері, қаһарман
Марвел қаһармандары Сурет: Вeztabu.net

Басжұлар жайлы комикстер 1964 жылы Daredevil #1 деген атпен шықты. 70-жылдары да Басжұлардың бастан кешкен оқиғалары Daredevil Special деген атпен комикстерден түспеді. Одан кейін 20 жыл бойы оны комикстерден ешкім көрген жоқ. Есесіне Басжұлар 1989 жылы киноэкранға (режиссеры — Билл Биксби) шықты. 2003 жылы 20th Century Fox кинокомпаниясы Басжұлардың жаңа фильмін (режиссеры — Марк Стивен Джонсон) жарыққа шығарды. Қазіргі біздің біліп-көріп жүргеніміз — осы нұсқасы. Ал оның бастауы сонау 60-жылдарда жатыр.

Сол сияқты бірнеше буынның сүйікті кейіпкеріне айналған Өрмекші адамның да тарихы тереңде жатыр. Оны Стэн Ли Стив Диткомен бірге жасап шығарды. Өрмекші адамның Басжұлардан екі жас үлкендігі де бар. Ол алғаш рет 1962 жылы Amazing Fantasy деген комиксте жарқ етіп шыға келді. Өрмекші адам — қатыгездіктің қас жауы. Оны осылай етіп жасап шығарды. 60-жылдарға дейінгі комикс кейіпкерлерінің бәрі дерлік жауыздықпен бірігіп күрессе, Өрмекші адам жалғыз өзі жанын салды. Marvel-дің комистерінің ішіндегі ең атақтысы да осы Өрмекші адам болды. Коммерциялық жағынан да қыруар табыс әкелді. Сонау 60-жылдардан басталған Өрмекші адам жайлы комикстер желісі (The Amazing Spider-Man; The Superior Spider-Man; Secret Wars) кешегі 2012 жылға дейін созылды. Оның атақты бола бастағаны сондай кейін киноға сұранды. Бара-бара видеоойындардың кейіпкеріне айналып шыға келді.

Ал бізде осындай ұмтылыс бар ма? Жоқ, өйткені бізді балаларымыздың болашағы көп ойландырмайды. Американдар бір комиксті дамыту үшін жарты ғасырын арнап отыр. Олар балаларын ғана емес, немерелеріне, шөберелеріне, шөпшектеріне не беру керегіне қазірден бас қатырып, соның бүкіл алғышартын жасап, жолға қойып кетті. Ал біз болсақ, барымыздан айырылып қалып отырмыз. Бізде санамақ, жаңылтпаш, жұмбақ деген бабалардан келе жатқан ауыз әдебиетінің дайын үлгілері бар еді. Соларды дамыта алмадық. Қазір жаңылтпаш айтып жүрген бала көресіз бе? Бір-біріне жұмбақ жасырып жүрген балаларды байқадыңыз ба? Жоқ.

Біздің фольклорымызда, мифологиямызда, ауыз әдебиетімізде, ертегілерімізде Marvel-дің кейіпкерлерінен артық болмаса, кем түспейтін түрлі кейіпкеріміз бар еді. Олардың бірін білмейміз. Кісікиік, Кесір, Елті, Албасты, Үббе, Жік, Зарап, Алдашы, міне, осындай тылсым күштеріміз толып жатыр. Біздің кемшілігіміз соларды Marvel-дің мықтылары сияқты әлемге таныта алмадық. Әлеміңіз не, қазақ өзінің тамырынан өзі ажырап кетті емес пе?

— Шетел балалары мен қазақ балаларының ойлауы екі түрлі. Оларға берілетін ақпараттардың да айырмашылығы бар. Тіпті, күнделікті көретін мульфильмдері де ұқсамайды. Бұл менталитетке байланысты ма, әлде?

— Жаңа мультфильм шықса болды, балаларымды міндетті түрде алып барамын. Соңғы барған мультигіміз — даниялықтар түсірген «Ұшатын кілем». Біздің балаларға мультик ұнады. Негізінде ұшатын кілем біздің фольклорымызда да бар еді. Бірақ оны жеке алып шығып, әлемге ұсынуда даниялықтар озып кетті.

Қазақ мультфильмдері де соңғы кездері түлеп келе жатыр. Тілек Төлеуғазы мен Тұрдыбек Майдан түсірген «Мұзбалақ» толықметраж анимациялық фильмі — соның дәлелі. Мысалы, «Моанадан» Маутини аралы туралы бәрін білдік. Бұл аралдың байырғы тұрғындары теңізшілер болатын. Қайықтарынан айырылып еді, не болды? Тамырынан ажырады. «Коконың құпиясы» да сондай. Мигель Ривера деген 12 жасар бала тамырын іздейді. Сөйтсе, арғы атасы атақты музыкант болған екен. Қанда бар қасиет қойсын ба, ақыры тамырын тауып, Мигель баба жолын жалғайды. «Моанадан» біз Маутини аралы туралы білсек, «Коконың құпиясынан» мексикалықтардың «Өлілер күнін» атап өтетінін білдік. «Кунг-фу панда» арқылы бүкіл әлем Қытайды таниды. Міне, осындай тұста бізге де бір кейіпкер қажет болатын. «Мұзбалақтың» авторларының осы тұста қыранды таңдап алғаны өте сәтті шықты. Қыран — қазақтың нақ өзі. Мультфильмде ана қыран балапанын жыланмен жұлыстырып, батылдыққа баулиды. Ақырында анасынан мықты болуды меңгеріп шыққан қыран айдаһар алады.

Балапан телеарнасы, Айдар
Мульткейіпкер Айдар. Сурет: Youtube.com

Balapan телеарнасы түсірген «Дала ойындары», «Айдар», «Ертемір» атты көпсериялы мультфильмдерді де біздің балалар қызығып көрді. «Дала ойындарының» кейіпкерлері сондай сүйкімді. Қимылдары да келісті. Балаларды бірден баурап алады. Смартфонға байланған балдырғандарды далаға алып шығып, шынықтырады, шымыр болуға үйретеді. «Ертемір» де біздің қиялшыл бүлдіршіндердің сүйікті қаhарманы бола алды. Екінші сынып оқушысының әп-сәтте бес қаруы сай көбебұзар батырға айналып кетуі таңқалдырмай қоймайды. Ал «Айдар» — нағыз бүгінгінің балаларына керек кейіпкер. Қазақ мифологиясын мультикке айналдыру және оны бала санасына сай етіп түсіндіру оңай шаруа емес. Алайда анимация авторы Әннәс Бағдаттың қолынан келді.

— Қазір сіз «Айқын» газетінде қызмет етесіз. Болашақта «Айқын» газетінде балаларға арналған рубрика ашу ойларыңызда бар ма?

— Бұрынғыдай «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің ішінен «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») қосымшасын шығаратын уақыт келмеске кетті. «Ұлан» 1930 жылы жеке газет болып, бөлініп шықты. Қазіргі уақытта салалық басылымдарды түлеткеніміз дұрыс. Сол секілді балалар газет-журналдары да, газет ішіндегі газет емес, жеке басылым болып шыққаны дұрыс секілді.

«Айқынның» оқырмандары — негізінен орта жастағы адамдар. Газеттің бағыты қоғамдық-саяси тақырыпта. Алайда «Айқында» қазақ әдебиеті, соның ішінде балалар әдебиетіне қатысты мәселелер жиі көтеріліп тұрады. Бірақ газетке қоғамдық-саяси газетке әңгіме-өлең басуды аса құптай қоймаймын. Ол үшін жеке әдеби газеттер бар. Соларда жарияланғаны дұрыс болады.

Сұхбаттасқан Ақбота Тілеужан