Бақытжан Сағынтаев Алатау ауданы қалай дамуы қажет екенін айтты

Әкімнің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алатау ауданына жұмыс сапарымен барған Бақытжан Сағынтаев көлік инфрақұрылымымен, тұрғын үй салу қарқынымен, энергетикалық кешендерді модернизациялаумен танысып, өртке қарсы қызметті дамыту, балалардың ойын алаңдарының, әсіресе, батуттардың қаупсіздігін сақтау мәселелерін талқылады.

Мегаполис үшін автобус желілерін дамыту мәселесі өзекті. Оны дұрыс шешу үшін 200 автобусқа арналған №3 автопарк және жеке тасымалдаушының 130 автобус базасы салынып жатыр. Қала әкімі кәсіпорын басшыларымен бағыттарды субсидиялау, жылжымалы составты жаңарту және жүргізушілер мен басқа да мамандық иелерін дайындау мәселелерін талқылады.

Автобустар жаңарып жатыр, қалалықтардың сапалы қызметке деген сұранысы артып отыр, демек тасымалдаушылар персоналының біліктілігі жоғары болуы тиіс. Колледждермен бірге жұмыс істеп, жүргізушілердің, механиктердің, электриктердің, және басқа да мамандық иелерінің жетіспеушілігін шешуге болады, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған топты тұрғын үймен қамтамасыз ету және инфрақұрылымды дамыту мәселелері шешімін тауып жатыр. Бақытжан Сағынтаев Алатау ауданы «Алғабас» ықшамауданындағы тұрғын үй құрылысының барысымен танысты, мұнда 8,3 гектар учаскеге 23 үй салынып жатыр.

Қала әкімі ықшамаудандарды орталықтандыру принципі бойынша дамыту әрі барлық қажет әлеуметтік инфрақұрылымның жақын орналасуы тиіс екенін атап көрсетті.

Мұнда сквер, емхана, тіпті, дүкен қарастырылмаған. Сондықтан Жайлы қалалық орта басқармасына кейінгі жобалардың бірінші қабаттарына әлеуметтік нысандардың орналасуын қарастыруды тапсырамын, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Екінші жылу электр орталығында болған кезінде қала басшысына ауаның залалдануын азайтуға қатысты жүргізіліп жатқан шаралар туралы баяндалды. Бақытжан Сағынтаев тиісті қызметтерге барлық вариантты саралап, қысқа мерзім ішінде нақты ұсыныс беруді тапсырды.

Айта кету керек, қазіргі кезде Алатау ауданынының 13 ықшамауданында ұзындығы 118 шақырым болатын 442 көшеге жол салынып жатыр. Ұзындығы 23,6 шақырым болатын 24 көшені жөндеу жоспарланып отыр.