Сұранысқа ие 100 мамандық бойынша 200 мың маман даярланады

28 мыңнан астам мұқтаж азамат жеке кәсібін ашу үшін 505 мың теңгеге дейін қайтарымсыз грант алады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде айтты.

Жыл сайын жастар, көпбалалы аналар мен мүгедектігі бар азаматтар үшін проценттік мөлшерлемесі төмен 5 мың жеңілдетілген микрокредит бөлінеді, кәсіпкерлік негіздеріне 60 мыңнан астам адам оқытылады, — деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев.

Министрдің айтуынша, 2021 жылға дейін сұранысқа ие 100 мамандық бойынша 200 мың маман даярлау жоспарда бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сай микрокредит беру, гранттар бөлу мен қысқамерзімді және кәсіпкерлік негіздеріне оқыту құралдарын кеңейтуге бағытталған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізіледі. Бұл мақсатқа қосымша 50 миллиард теңге қарастырылған, — деді Бердібек Сапарбаев.