Бердібек Сапарбаев ведомствосында тағайындаулар болды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің екі орынбасары тағайындалды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Ержан Жұматұлы Жылқыбаев ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі қызметіне, Ақмәди Әділұлы Сарбасов ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметіне тағайындалды, — деп хабарлады ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі.

Ержан Жылқыбаев 1982 жылы Леңгірде дүниеге келген. Оңтүстік Қазақстан университетін, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысының экономика департаментінің бас маманы болып бастаған. ҚР Премьер-министрі кеңсесінде, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппаратында, ҚР Президенті Әкімшілігінде жұмыс істеген. 2016-2019 жылдары Алматының Медеу ауданының әкімі болды. Биылғы 26 наурыздан бастап қазірге дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болып жұмыс істеді.

Ақмәди Сарбасов 1977 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін және Еуразия гуманитарлық университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 1994 жылы бастаған. ҚР Әділет министрлігінің, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрылымында жұмыс істеген. 2017 жылдан бүгінге дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы — ҚР бас мемлекеттік еңбек инспекторы лауазымын атқарды.