Бердібек Сапарбаев Президентке көпбалалыларды қолдау туралы баяндады

Қасым-Жомарт Тоқаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевты қабылдады.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, министр Мемлекет басшысына еліміздегі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға көмек беру және жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы халықты еңбекпен қамту жөніндегі шаралардың іске асырылу барысы туралы баяндады.

Бердібек Сапарбаев кәсіп ашуға гранттар, шағын несиелер берілетінін, мамандығы жоқ азаматтарды қайта оқытып, жастар практикасы мен қоғамдық жұмыстарға тарту арқылы жылына орта есеппен 370 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланғаны туралы мәлімет берді. Министрдің айтуынша, алдағы үш жылда кемінде 1 миллион 100 мың жұмыс орнын ашу көзделген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ведомствосының басшысы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қорғау жөніндегі ұлттық жоспарды дайындау мен ішкі және сыртқы көші-қон саясатының жүзеге асырылуы туралы да ақпарат берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев негізінен аз қамтылған көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қорғауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың сапалы жүзеге асырылуы маңызды екенін және жұмыссыздық деңгейін 4,5%-дан асырмау қажет екенін мәлімдеді. Ол еліміздегі мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға да ерекше мән берді.

Мемлекет басшысы әлеуметтік бағдарламалардың уақытылы және сапалы атқарылуына байланысты бірқатар нақты тапсырма берді.