ЭКСПО-2017: Аударыспақтан халықаралық ашық турнир өтеді

Бүгін Астанада халықаралық турнирге арналған баспасөз мәслихаты өтті. Турнирдің бас серіктесі – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры. Жобаның бас ақпараттық қолдаушысы – «Қазақстан» телерадио корпорациясы.

Баспасөз мәслихатына ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов қатысты. Аударыспақ сайысына Венгрия, Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттері  балуандары қатысады.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатовтың айтуынша, республикамызда ұлттық спорт түрлерінің даму орталығы ашылған.

«Аударыспақтың халықаралық деңгейге жетіп жатқанына қуаныштымыз. Ұлттық спорт түрлерінің тізгіні ұстап жүрген азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Республикалық деңгейде ұлттық спорт түрлерінің даму орталығы ашылды. Оның сапасын жақсарту бағытында жұмыстар жасалмақ. Бұл жолғы халықаралық турнирдің маңызы бар. Аударыспақ сайысы Маңыстау облысының мәдени күндерімен қатар өтеді. Ұлттық спортымызға қолдау білдіріп отырған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына алғыс айтамыз», — деді Елсияр Қанағатов.

Алдағы сайы туралы ҚР «Ұлттық спорт түрлері» қауымдастығы президенті Бекболат Тілеухан айтып берді.

«І Халықаралық ашық турнир бәсекесінде балуандар 80 келі, 90 келі және 90 келіден жоғары салмақтарда бақ сынайды. Жарыстың соңғы күні абсолютті салмақтың алтын белдігі сарапқа салынады», — деді ол.

Жарыстың соңғы күнінде абсалютті салмақтың алтын белдігі сарапқа салынады. Сайыстың жалпы жүлде қоры — 5 миллион 200 мың теңге.

Айта кетейік, осыған дейін аударыспақтан екі мәрте Азия чемпионаты ұйымдастырылған.