Алматы облысы цифрлық хабар таратуға толық көшеді

Алматы облысының барлық ауданында аналог телевизия өшіріледі. 2021 жылы республиканың бүкіл аумағы жаңа әрі тегін цифрлық форматқа көшеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Алматы облыстық радиотелехабар тарату дирекциясының директоры Қайсар Раздықов цифрлық хабар таратудың артықшылығы туралы айтты.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында істеліп жатқан жұмыстардың мақсаты — халыққа сапалы, көпарналы хабар жеткізу. Алматы облысында аналогтан цифрлық телевизияға көшуге дайындық кезінде 90 радио-телевизия стансасы орнатылды. Ол Алматы облысының 748 елді мекенін цифрлық эфир телевизиямен қамтуға мүмкіндік береді, — дейді Қайсар Раздықов.

Қазақстанды цифрлық телевизияға көшіру жұмыстары 2018 жылдан бастап жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында телехабар таратуды цифрлық форматқа көшіру толық аяқталды. Бұл процесс Алматы облысында 2019 жылдың 30 маусымынан басталады. Бүгінгі таңда цифрлық телевизияда 10 арна болса, болашақта оның саны 30-ға дейін өседі. Ал 2021 жылға дейін ел аумағында 270 радиотелевизия станциясы салынады.

Сонымен бірге, Алматы облысында атаулы әлеуметтік көмек алатын 4867 отбасы цифрлық теледидар қызметіне қосылды.

Заманауи цифрлық хабар тарататын құралдың құны 5 мың теңгеден 3500 теңгеге дейін арзандаған.