Арысты қалпына келтіруге қаражат бөлінеді

Арыстағы жарылыстан кейін қаланы қалпына келтіру үшін  мемлекеттік қордан қаржы бөлінеді.

Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, қаржы бірінші кезекте баспанасынан айырылған адамдарға жұмсалады. Әзірге комиссия 19 жер үйдің өртенгенін мәлімдеді. 10-ға жуық мал қорасы жанып кеткен. Жолдар мен электр желілеріне қатты зақым келіп, қала жарықсыз қалды. Бүлінген үйлердің саны артып, шығын көлемі әлі де көбеюі мүмкін. Өйткені келтірілген залалды есептеу апта соңына дейін жалғасады. Үкімет те шығын нақтыланған бойда қаржы аударуға дайын екенін мәлімдеді.

Қазіргі таңда Түркістан облысының әкімдігі бізге тиісті есепті беруі керек. Осыған сәйкес, Қаржы министрлігі қаражатты қордан бөледі. Қазір қорда 30 миллиардқа жуық ақша бар, — деді қаржы министрі Әлихан Смайылов.

Айта кетейік, 24 маусымда Арыстағы әскери бөлімнің қоймасында бірнеше жарылыс болып, қала түгелімен эвакуацияланған. Жарылыс салдарынан екі адам қаза тапты.

Арыстағы жарылыстан зардап шеккендерге көмек беру үшін облыс әкімдігінің жанынан ашылған “Түркістан” корпоратив әлеуметтік даму қорына хабарласуға болады.

ДереккөзТengrinews.kz