Арыста ғимараттардың 80%-нен астамы бүлінген

Алдын ала мәлімет бойынша жарылыс салдарынан Арыстағы ғимараттардың шамамен 80-90 пайызы бүлінген. Бұл туралы ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің басшысы Владимир Беккер хабарлады.

Сағат 15:00-ге дейін саперлар 24 снаряд және 104 қауіпті снаряд бөліктерін тапқан. Оларды сол жерде жарады немесе қауіпсіз аймаққа шығарып залалсыздандырады. 7600 ғимарат бар, алайда алдын ала мәлімет бойынша олардың 80-90 пайызы әртүрлі деңгейде бүлінген. Негізінен терезелері шағылған, шатыры бүлінген, алайда қатты зардап шеккен ғимараттар да бар, — деді Владимир Беккер.

Тұрғын үйлердің көбінің сақтандырылмағаны белгілі, олар бойынша материалдық залалды өтеу бойынша жеке шешімдер қабылданады.

Өкінішке қарай, тұрғындардың Арысқа түрлі сылтаумен кіруге тырысып жатқанын айта кету керек. Әзірге асықпауға шақырамын. Өйткені жарылмаған снарядтар бар және олар айтарлықтай зиян келтіріп, адам өліміне алып келуі мүмкін, — деп ескертті Владимир Беккер.

Бұған дейін Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин Арыс тұрғындарының қалаға қашан оралатыны туралы хабарлады.

Бұның бәрі қоймалардағы жағдайдың қалпына келуіне, миналарды алып тастау жылдамдығына байланысты. Мемлекет басшысы барлық жұмысты қысқа мерзімде, 2-3 күннің ішінде аяқтауды тапсырды, – деді ол.

Кеше, 24 маусымның түнінде Қасым-Жомарт Тоқаев Арысқа ұшып барып, эвакуацияланған халықпен кездесті. Ол зардап шеккендерге Үкімет жәрдемдесетініне уәде берді.

24 маусымда Арыстағы әскери бөлімшенің территориясында жарылыс болды.

Арыстағы жарылыстан зардап шеккендерге көмек беру үшін облыс әкімдігінің жанынан ашылған “Түркістан” корпоратив әлеуметтік даму қорына хабарласуға болады.

Бұған дейін екі азаматтың қайтыс болғаны мәлім болды.

ДереккөзTengrinews.kz