Арыс қаласынан 39 мың адам өз бетімен кеткен

Арыс қаласынан барлығы 41 мың адам кеткен. Оның 2 815-і эвакуацияланды. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты.

Қазір әскери бөлімдегі жарылысты сөндіру қиын болып тұр. Сондықтан қаладан 41 мың адам шығып кетті: оның 39 мыңы өз бетімен шыққан, 2 815 адам эвакуацияланды, — деді Ерлан Тұрғымбаев.

Сонымен қатар министр балабақшадағы барлық баланың шығарылғанын айтты.

Балабақшалардағы барлық бала эвакуацияланды. Туыстарының үйінде жүрген балалар да шығарылды. Бәрінің ата-анасы табылып, балаларымен табысты. Бүгін келіп түскен ешқандай шағым мен арыз жоқ, — деді Ішкі істер министрі.

Халықты эвакуациялауға және қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін Ішкі істер органдары мен Ұлттық гвардияның әскерінен: арнайы құрамнан 1282 қызметкер және 115 техника, 357 төтенше жағдай қызметкері, 345 полиция қызметкері, Ұлттық гвардияның 580 әскері, сонымен қатар ЕО-145 тікұшағы және үш өрт сөндіру пойызы тартылды.

24 маусымда Арыстағы әскери бөлімшенің территориясында жарылыс болды.

Арыстағы жарылыстан зардап шеккендерге көмек беру үшін облыс әкімдігінің жанынан ашылған “Түркістан” корпоратив әлеуметтік даму қорына хабарласуға болады.

Бұған дейін екі азаматтың қайтыс болғаны мәлім болды.

ДереккөзТengrinews.kz