Облыс әкімдігі: Бөген суқоймасы ашылды деген ақпарат жалған

Ордабасы аудандық әкімдігі тұрғындарды сабырлыққа, қауесет сөзге сенбеуге шақырды.

Арыстағы әскери қоймада болған төтенше жағдай бойынша Бөген суқоймасында ешқандай да штаттан тыс әрекеттер іске асырылмайды. Тұрғындарды әлеуметтік желілердегі қауесет сөздерге сенбеуге, сабырға шақырамыз. Жалған ақпарат таратқан азаматтар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес жауапқа тартылатынын ескертеміз, — деді баспасөз қызметі.

Қазіргі таңда арнайы штаб құрылып, әскерилер мен құқық қорғау органдары төтенше жағдай аймағына келіп жетті.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, тұрғындарды Ақдала бұрылысы, 41-разъезд, Водозобор бағытындағы лагерльерге орналастырылады. Үш бағыт бойынша әскери көліктер, камаздар мен арнайы жасақ жұмылдырылып жатыр. Лагерь басында тұрғындарды аудан әкімдері қарсы алып, жайғастырады. Әлеуметтік нысандарды (аурухана, балалар) полиция қызметкерлері көшіріп жатыр, — деп хабарлады Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың басқаруымен шұғыл жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Отырар мен Ордабасы аудандарында 100 орындық екі госпиталь ашылды. Қосымша 30 жедел медициналық көлігі жұмыс істеп жатыр, — деп хабарлады Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы.

24  маусым күні сағат 9.20-да Төтенше жағдайлар комитеті өртке қарсы қызмет бөліміне Арыстағы №44856 әскери бөлім территориясының қоймасында жарылыс болып, өрт шыққаны туралы хабар түскен. Осы уақытқа дейін үш адамның ауыр халде екені және 34 адамның медициналық көмекке жүгінгені туралы мәлім болды.

Оқиғаға байланысты Шымкент төтенше жағдайлар департаментінде “Қауырт желісі” жұмыс істейді. Тәулік бойы 8 7252 44 94 72 немесе 8 7252 35 33 66 телефон нөмірі бойынша ақпарат алуға болады.