Бауыржан Байбек қала көшелерінің құрылысын тексерді

Биыл Алматының Достық даңғылы, Жібек жолы мен Күләш Байсейітова көшелерінің бойында энергия жинақтаушы тротуар шамдары, көше жиһаздары, спорт және балалар алаңдары, фонтан кешендері пайда болады. Бұл туралы Алматы әкімнің баспасөз қызметі хабарлады.

Мегаполис әкімі Бауыржан Байбек «Қала адамдар үшін» тұжырымдамасы аясында қаланың бірқатар көшесін жаңарту және инженерлік коммуникацияларды қайта құру жұмыстарының барысын тексерді.

Әкім Төле би көшесі бойындағы жарты миллионға жуық тұрғынды ыстық сумен және жылумен қамтамасыз етіп отырған, 1985 жылы іске қосылған жылу магистралін жаңарту барысын тексерді. Биыл мұнда жөндеу жұмыстары Розыбакиев көшесінен Мұканов көшесіне дейінгі және Фуркаттан Отарға дейінгі аумақта жүреді. Қала басшысы барлық құрылыс жұмысын 1 қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырды.

Соңғы үш жылда 737 шақырым сумен қамту және 603 шақырым су тарту желілері жөнделді. Биыл алты аудандағы тағы 130 шақырым су құбырының, 111 шақырым кәріз құбырының құрылысын аяқтау жоспарланды. Жүргізілген оң шаралардың нәтижесінде тозу деңгейі — 5%, апат — 8%, шығын — 5,3%-ға азайды.

2015 жылы қала тұрғындарының талқылауынан соң қабылданған «Алматы-2020» бағдарламасы аясында мегаполисте тарихи орталықтың 60%-ы, 600 көше мен 1400 ескі аула жөнделді. Көше жарығының үштен бірі диодты және энергия жинақтаушы шамдарға ауыстырылды. 300 шақырым арық және 2000 шақырым инженерлік желілер ауыстырылды. Қаланың барлық өтпелі жолдары жаңарды.

Биыл қаланың көпқабатты үйлерінің 50%-ын қамтитын тағы 600 ауланы жөндеу басталды. 140-тан астам көшеде орташа жөндеу жүргізіліп, қаланың 14 ықшам аудандарында 456 көше салынып жатыр. Қаланың шет аймақтарындағы бірқатар парк, саябақ пен жаяу жүргінші жолының аймақтары абаттандырылады. Қаланың қауіпсіздігі үшін 120-дан астам көшеге жаңа LED шамы орнатылады.