Бауыржан Байбек «Көкжайлау» курорты құрылысын кейінге қалдыруды ұсынды

Алматыда Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Отырыс барысында қала әкімі Бауыржан Байбек «Көкжайлау» құрылысын кейінге қалдыруды ұсынды.

Қала басшысы жобаны іске асыру кезінде 20 мыңнан астам жұмыс орны ашылатынын айтты. Бірақ жоба қайта қарауды қажет етіп тұр.

Тау — біздің басты бәсекелестік артықшылығымыз. Оны қолдануымыз керек. Австрия сарапшыларының бағалауынша, бұл жобаны іске асыруға 1,5 миллиард доллар салынса, 7-10 жылда экономикаға жыл сайын 2 миллиард доллар болып қайтады. Өте маңызды: 20 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Сонымен бірге біз экономикадағы, қоғамдағы, экологиядағы балансты сақтауымыз керек, яғни қоршаған ортаға ықпалы мейлінше аз қазіргі заманғы курорттар салуымыз керек. Біз асықпауымыз керек деп есептеймін. Сарапшылардың барлық пікірі мен жаңа локацияның перспективаларын қарастыру керек. Сондықтан жобаны жетілдіріп, әзірше кейінге қалдыра тұру керек. Оның үстіне, сарапшылардың пікірінше, қазір жұмыс істеп тұрған курорттардың дамуына 3-5 жыл кетеді. Бұл уақытта тиісті тәжірибе жинаймыз, маман даярлаймыз, тұрғындар мен курорттар қонақтарының пікірін білейік. Содан кейін ғана «Көкжайлау» тау шаңғысы курорты құрылысына кірісе аламыз, — деді Бауыржан Байбек.

Еске салайық, Алматы әкімі 2018 жылдың желтоқсан айында «Көкжайлау» курорты құрылысының қоршаған ортаға зияны болмайтынын айтқан еді.

Бізге жиі таңылатын «экологиялық курорт зиян» деген жаңсақ пікір бар. Тағы да айтқым келеді, ол жерге химиялық зауыт салынғалы жатқан жоқ. Курорттың зияны жоқ… Бұрын шетелден құрылысты қалай салу керек екенін білетін кеңесшілер шақырылды, қазіргі заманғы технологиялар қолданылады. Біз ашықпыз әрі әр нәрсеге есеп береміз. Біз алматылықтармен бірге азаматтарымызды қалай жұмыс орындарымен қамту керек екенін ойластырамыз, — деді Алматы әкімі.

ДереккөзTengrinews.kz