Нұрсұлтан Назарбаев: Қазір еліміз үшін тұрақтылықтың маңызы зор

Елбасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жансейіт Түймебаев ассамблеяның қазіргі қызметі мен оның ХХVII сессиясында айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін қолға алынған шаралар жайлы баяндады.

Нұрсұлтан Назарбаев ассамблеяның тұрақтылықты сақтау мен қоғам бірлігін нығайтудағы жұмысының маңызы зор екенін айтты.

Қазақстан халқы ассамблеясы — қоғамды біріктіретін құрылым. Әр өңірде кіші ассамблеялар жұмыс істеп жатыр, Достық үйлері ашылды. Қазір еліміз үшін тұрақтылықтың маңызы зор. Тұрақтылық болмаса, барлық жетістігімізден айырыламыз. Сондықтан Қазақстан халқы ассамблеясының басты міндеті — халықтың бірлігін нығайту үшін қоғамды жұмылдыру, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жансейіт Түймебаев еліміздегі этномәдени бірлестік өкілдері бейбітшілік пен келісімді сақтағаны және ел экономикасын дамыту ісіндегі жетістіктер үшін Тұңғыш Президентке зор алғыс білдіретінін айтты.