Маусым айында ауа райы қандай болады?

Мамандардың болжамына қарағанда жаздың басы Қазақстанның барлық аймағында ыстық болады. Бірақ жоғарғы температураға қарамастан найзағай ойнап, өткінші жаңбыр жауып тұрады, республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында нөсер жауады.

5 маусымға дейін температура 25-35 градус болады деп болжанып отыр. Тек солтүстік пен орталықтың кей жерлерінде одан салқынырақ — 20-28 градус болады, — дейді синоптиктер.

Бірінші онкүндіктің жартысында солтүстік циклонның әсерінен республиканың солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыс облыстарында жаңбыр, кей жерлерде нөсер жауады, найзағай ойнап, бұршақ жауады, екпінді жел, дауыл тұрады. Құбылмалы ауа райы бірінші онкүндіктің соңына дейін жалғасады.

Температура еліміздің солтүстік, солтүстік-батыс, орталық және шығыс өңірлерінде түнде 2-7 градус жылы, күндіз 12-23 градус жылыға дейін, оңтүстік-шығыста түнде 7-12 градус жылыға, күндіз 15-25 градус жылыға дейін, оңтүстікте түнде 10-15 градус жылыға дейін, күндіз 20-28 градус жылыға дейін төмендейді. Батыста және оңтүстік-батыста, керісінше, тұрақты ыстық ауа райы орнайды.

Маусым айына Қазақстанның солтүстік облыстарында жауын-шашынның ұлғаюы және оңтүстік облыстарында төмендеуі тән. Биылғы маусым да сондай болады. Қазақстанның басым бөлігінде жаңбырлы күндерге байланысты температура екінші онкүндіктің соңында, үшінші онкүндіктің басында және айдың соңында, ал батыста екінші және үшінші онкүндіктің ортасында төмендейді, — дейді «Қазгидромет» мамандары.

Оңтүстік және батыс өңірлерде температураның көтерілуімен бірге өткінші жаңбыр жаууы да ықтимал. Қазақстан бойынша маусымның басқа күндерінде 30-35, оңтүстіктің кей жерлерінде 39 градус ыстық болады.