Форум аясындағы бұл дискуссияда StopFake жобасы редакторының орынбасары, Могила журналистика мектебі директорының орынбасары Виктория Романюк Украинадағы биылғы Президент сайлауы науқанында қандай жаңа технологиялар қолданылғанын айтып берді. Оның баяндамасы «Еркіндік иллюзиясы» немесе медиа ықпалымен жасалған таңдау» деп аталды. Спикердің StopFake жобасы Украинадағы Президент сайлауында Владимир Зеленскийдің интернет пен медиада қолданған технологияларына зерттеу жүргізген.
Виктория Романюктің айтуынша, біріншіден, Владимир Зеленскийдің сайлауда жеңіске жетуіне оның сайлауалды үгіт-насихат бағдарламасының бұл саяси оқиғадан әлдеқайда ерте басталуы себеп. Бұған «Студия Квартал 95» компаниясының 2015 жылдан бастап түсірген «Халық қызметшісі» телесериалын мысалға келтіруге болады. Сериалдың ұраны «Келесі президенттің хикаясы» еді.
Украин журналистері мен фактчекерлері жасаған екінші әрі негізгі тұжырым — Владимир Зеленский тиімді насихат үшін қажет аудиторияны дұрыс таңдай білді. Мысалы, оның үгіт-насихат барысында зейнетақы туралы айтқан ұрандары интернетте егде жастағы аудиторияға таргеттелген болса, білім және жастарға қажет басқа да мәселелерге қатысты айтқаны медианың сол санаттағы қолданушыларына таратылған.
Демек, саясаткер мен оның артында тұрған команда саяси науқан үшін жаңа технологияларды сәтті қолдана білді. Ал Петр Порошенко бұл маңызды нәрсені ескермей қалды. Виктория Романюктің айтуынша, сол себепті Украинадағы бұл сайлауда Владимир Зеленский емес, медиадағы жаңа технологиялар жеңді деуге болады.
Ақпарат технологиялары көпшіліктің иллюзиясын жасай алады. Мұндай технологиялар кез келген образды жасап береді. Оның көмегімен демократияның иллюзиясына да қол жеткізуге болады. Бәрі бізге «еркін таңдау жасадыңдар» деп жатыр. Негізінде гәп басқада, ақпарат технологиялары жасаған саяси образды жұрт медианың ықпалымен таңдады, — дейді Виктория Романюк.
Пікірталас барысында Қазақстан саясаттанушысы Марат Шибұтов бііздегі сайлау науқанында саясаткерлер қолданып жатқан технологиялар туралы әңгімеледі. Саясаттанушының графикамен нақ жүйеленген кейстері Қазақстан саясаткерлері үшін медианың қандай сегменттері анағұрлым қарқын алып отырғанына көз жеткізді. Олар мыналар:
- КвазиБАҚ (Саясаткерлерге республикалық телеарнадан гөрі «За тебя, Бәке» сияқты жеке сайтымен бірге бірнеше әлеуметтік желіде паблигі бар ірі интернет-қауымдастық тиімді);
- Telegram-арна;
- Мессенджерлердегі чат;
- YouTube-тегі квазиБАҚ;
- Әлеуметтік желілердегі топтар.
Марат Шибұтовтың айтуынша, Қазақстандағы жуырда болатын Президент сайлауы алдындағы үгіт-насихат кезеңінде саясаткерлердің көбі электоратынан алыс, тиімсіз, бұл нарық үшін әбден ескірген ресурстарды қолданып отыр. Айталық, қарапайым аудиторияға жеткізу үшін «Хабар» сияқты мемлекеттік телеарнадан белгілі бір уақытта сөз сөйлеуден гөрі адамдар қалаған уақытында қарай алатын YouTube-тен видео жолдау анағұрлым пайдалы.
Дәстүрлі БАҚ сайлауалды үгіт-насихат кезеңінде саясаткерлер үшін бәсекеге әбден қабілетсіз болып отыр. Әсіресе, мұндай саяси науқан үшін телевизия — мүлдем тиімсіз арна. Сол себепті келесі сайлауларда басқа медиаарналар болуы керек. Саясаткерлер де жаңа, мейлінше тиімді құралдарды, интернетті пайдалануы керек, — дейді Марат Шибұтов.
Еске салайық, Алматыда 30-31 мамыр күндері «InternetCA-2019 Орталық Азиядағы интернет саласының дамуы» аймақтық интернет-форумы өтті. Х форумның тақырыбы: «Цифрлық сауаттылық: кәсіби құзырет, қауіпсіздік және тұтыну». Медиажұртшылық алдында Қазақстан, Германия, Чехия, Ресей, Беларусь, Украина, Сингапур, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстан сарапшылары баяндама жасады.
10 жыл ішінде InternetCA қатысушылары шамамен 2000 адамға жетті. Осы уақыт ішінде интернетті дамытудың өзекті мәселелері бойынша әлемнің 20 елінің сарапшылары 300-ден астам баяндама, презентация мен мастер-класс өткізді.