Владимир Зеленский Украина Президенті ретінде қызметіне кірісті

Конституция сотының басшысы оның Президент қызметіне кіріскенін хабарлады.

«РИА Новости» тілшісінің хабарлауынша, ұлықтау рәсімі барысында Владимир Зеленский қолын Украина Конституциясына және Пересопница Евангелиесіне қойып, ант берді.

Мен, халықтың еркімен Украина Президенті болып Владимир Зеленский осы жоғары қызметке кірісе отырып, Украинаға адал боламын деп салтанатты жағдайда ант етемін. Өзімнің барлық ісіммен Украинаның дербестігі мен тәуелсіздігін қорғауды, отанымыздың игілігі мен украин халқының әл-ауқатын арттыру қамын ойлауды, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауды, Украина Конституциясы мен Украина заңдарын сақтауды, барлық отандасымның мүддесі үшін міндеттемелерімді орындауды, әлемде Украинаның беделін арттыруды мойныма аламын, — деді Владимир Зеленский.

Жаңа Президент ант мәтініне қол қойып, елдің Конституция сотының басшысына берді. Ол Владимир Зеленскийдің Украина Президенті қызметіне кіріскенін ресми хабарлады.

Украина Президентіне мемлекеттің ресми нышандары — Президенттің орден шынжыры формасындағы белгісі, герб мөрі мен күрзі берілді. Владимир Зеленский қызметіне кіріскен бойда Жоғарғы раданы мерзімінен бұрын тарататынын мәлімдеді.

Еске салайық, 30 сәуірде Украинаның Орталық сайлау комиссиясы Владимир Зеленскийді Президент сайлауының жеңімпазы деп таныған еді. Владимир Зеленский 73,22% дауысқа ие болған. Оған сайлаушылардың 13 миллион 541 мың 528-і дауыс берген. Украинаның бұрынғы Президенті Петр Порошенко 24,45% дауысты иеленді, оны сайлаушылардың 4 миллион 522 мың 450-і қолдаған. Сайлау нәтижесінде дауыс беру бюллетеньдерінің 2,31%-ы жарамсыз деп танылды.