InternetCA-2019 форумы цифрлық сауат мәселесіне көңіл бөліп отыр

Мемлекеттің БАҚ контентін қалыптастыруда үстемдік жасауы азаматтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге ауысуға мәжбүрлейді. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан «InternetCA-2019 Орталық Азиядағы интернет саласының дамуы» атты аймақтық интернет-форумының бірінші күнінде айтылды.

Орталық Азияның тұрғындары дәстүрлі БАҚ-та сөз бостандығының жоқ екенін жиі айтады. Соның кесірінен азаматтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге жаппай ауысып жатыр. Ол бұл медиа-тұтыну сапасына кері әсерін тигізіп, жалған ақпарат пен оны ретрансляциялау көлемін арттырады.

Форум қатысушыларының айтуынша, азаматтар өздерінің сөз бостандығына деген онсыз да шектеулі құқығы бар екенін білсе де, оны жиі пайдаланбайды. Кей жағдайда тексерілмеген немесе заңға қайшы, арандатушылық ақпаратты таратып жатады. Оны көбі сөз бостандығымен байланыстырады.

Түрлі зерттеу қорытындылары бойынша Қазақстандағы 18 бен 55 жас аралығындағы тұрғындардың 70%-ы әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланады. Ал көршілес Қырғызстан халқының шамамен 60%-ы — әлеуметтік желілердің пайдаланушылары.

Күн тәртібінде цифрлық дәуірдегі баспасөз бостандығы, медиа-трендтер, БАҚ-қа төнетін қауіптер мен қатерлер, дезинформацияға, пропагандаға, ксенофобияға және өшпенділік тіліне қарсы іс-қимыл, медиасауаттылық және цифрлық қауіпсіздік, сайлау компанияларының аудиторияны ақпараттандырудағы және әсер етудегі БАҚ рөлі және тағы да басқалары тұр.

Медиасауаттылық — қазіргі таңда оқу, жазу және математика сияқты негізгі құзыреттіліктің бірі және цифрлық медиаға қол жеткізу мүмкіндігі аса маңызды. Бұқаралық ақпарат құралдарының әлді, әлсіз тұстары бар және бұл еркін пікір алмасу үшін және медианың өмір сүруі үшін ауадай қажет, — дейді Томас Хельм Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігінің директоры.

Форум спикерлері қатарында Қазақстан, Германия, Чехия, Ресей, Беларусь, Украина, Сингапур, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстан сарапшылары бар. Шараға дәстүрлі түрде журналистер, блогерлер, зерттеушілер, мемлекеттік мекемелер, халықаралық ұйымдар мен ҮЕҰ өкілдері, заңгерлер, дипломаттар мен академиялық орта өкілдері қатысып жатыр.