Ақтөбеде жаңа форматтағы полицейлер даярлана бастады

Ақтөбеде жаңа форматтағы полицейлердің алғашқы кәсіби даярлық курсы басталды. Мамандар үш ай бойы білім алады. Бұл туралы Ақтөбеде жаңа форматтағы полицейлерді іріктеу мен даярлау мәселесіне арналған брифингте ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының бастығы, полиция полковнигі Айдар Сайтбеков айтты.

Ол журналистерге алғашқы кәсіби даярлық курсының бағыт-бағдары туралы әңгімеледі.

М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында кәсіби заңгерлер үш ай бойы полиция қызметіне қажет білім алады. Оқу процесіне құқық қорғау органдарының, соттардың кәсіби мамандары мен қоғамдық ұйымдар өкілдері тартылған.

Курста болашақ жаңа форматтағы полицейлерге мынадай талаптар бойынша білім беріледі:

— Қазақстан Республикасының заңдары;
төтенше жағдайлар кезінде адамдарға көмек беру;
— арнайы техникалық құралдарды қолдана білу;
— азаматтармен және БАҚ-пен қарым-қатынастағы коммуникация құзыреті;
алғашқы медициналық көмек беру;
— дене бітімі шыныққан және психологиялық тұрақты маман болу.

Брифинг барысында курстың бұған дейінгі курстардан айырмашылығы, ішкі істер органдары мамандарын қысқа мерзімде даярлаудың тиімділігі мен артықшылығы, талапкерлерге қойылатын шарттар туралы айтылды. Айдар Сайтбеков БАҚ өкілдерінің және әлеуметтік желі қолданушыларының тікелей эфирдегі сұрақтарына да жауап берді.