Baqytty bala-2019 балалар вокалының ІІ ашық фестиваль-байқауына өтінім қабылдау басталды.

Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, балалар вокалының фестиваль-байқауы 2019 жылдың 10-14 шілде аралығында Ақтөбе әкімдігінің қолдауымен осы облыс орталығында өтеді. Ол Ақтөбенің 150 жылдығына арналады.

Baqytty bala байқауын жас таланттар фабрикасы деп атауға болады. Baqytty bala-2018 финалистері жас ерекшелігіне қарамастан жыл бойы өздерін табысты артист ретінде жоғары қырынан көрсете білді. Мысалы, Junior Eurovision халықаралық ән байқауы ұлттық іріктеуіндегі суперфиналистердің жартысы — I Baqytty bala фестивалінің қатысушылары. Айталық, Baqytty bala-2018 фестивалінің екі Гран-приінің бірін иеленген Ержан Максим — Ресейдегі «Голос. Дети» шоуының суперфиналисі. Екінші Гран-при иегері Нарғыз Жанұзақова Димаш Құдайбергеннің Лондонда өткен жеке концертінде өнер көрсетті. Мұндай мүмкіндікті Димаш Нарғызға Baqytty bala-2018 байқауының марапаттау рәсімі кезінде өзі сыйға тартты.

Baqytty bala
I Baqytty bala фестивалі. Фото ұйымдастыру комитетінен

Baqytty bala байқауына 10 мен 15 жас аралығындағы өнерлі балалар қатыса алады және сын екі тур бойынша өтеді. Іріктеу кезеңінде ұйымдастыру комитеті 31 мамырға дейін жіберілген аудио және бейнематериалдарды қашықтан тыңдайды. Тыңдау мен талқылаудан кейін қатысушылардың шорт-парағы тіркеледі. Байқаудың финалына тек ең үздіктер өтеді. Қатысушылар бұл кезеңге екі композиция дайындауы керек: алғашқысы — ана тіліндегі ән және екіншісі — әлем хиті (немесе авторлық ән).

Қазылар алқасы мүшелерінің есімі (белгілі өнер қайраткерлері, мәдениет саласына еңбек сіңірген қызметкерлер мен сарапшылар, эстрада жұлдыздары) Гала-концертте ғана белгілі болады.

Байқау жеңімпаздары дипломдар мен сыйлықтардан басқа, қаржылай гранттармен де марапатталады. Фестивальдің жалпы жүлде қоры — шамамен 2 000 000 теңге.

Фестиваль жас сайыскерлер, қазақстандық шоу-бизнестің танымал жұлдыздары және шетел артистері қатысатын керемет вокал шоуымен аяқталады.

Baqytty bala-2019 байқауына қатысуға ниет білдірушілер конкурстың ресми www.baqyttybala.kz сайтында өтінім беру ережесімен таныса алады.

Байқаудың ақпараттық демеушісі — Baribar.kz.

I Baqytty bala фестивалі
I Baqytty bala фестивалі. Фото ұйымдастыру комитетінен

Айта кетейік, 2018 жылдың маусым айында Ақтөбеде балалар вокалының Baqytty bala атты І ашық фестиваль-байқауы өткен еді. Ол Ақтөбе облысының мәдени брендіне айналды. Іс-шараны «ДимашАли» шығармашылық орталығы облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды. Жобаға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Украина, Грекия өкілдері қатысты.