Ержан Максим Игорь Крутойдың музыка академиясында білім алады

Қазақстанның жас әншісі Ержан Максим композитор, Ресей мен Украинаның халық артисі Игорь Крутойдың музыка академиясында білім алады. Бұл туралы «Голос. Дети» шоуының финалисі Instagram-парақшасында жазды.

Бұған дейін Ержан Максимнің Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетовпен кездескені хабарланған еді.

Достар, Мәскеуге жасаған сапарым сәтті болды. Неге дейсіз ғой, мен, ең алдымен, еліміздің атпал азаматы Иманғали Нұрғалиұлымен кездестім. Сол кездесуіміздің нәтижесі ретінде көптен бері армандап жүрген атақты композитор, продюсер Игорь Крутоймен таныстым. Мені студияда тыңдаған маэстро мені ұнатып, өзінің музыка академиясына шақырды. Мен қуана келістім. Енді, достар, күзден бастап сол жерде вокал бағыты бойынша өнерімді шыңдаймын. Әрине, мұның барлығы Иманғали ағамыздың арқасы деп білемін. Осындай азаматтардың арқасында шығармашылығым жалғасып, жемісін беретініне сенімім мол, — деп жазды Ержан Максим.

Еске салайық, «Первый канал» телеарнасындағы «Голос. Дети» жобасының 6-маусымының қорытындысы үлкен жанжалға айналған еді. Тележобаның финалында әнші Алсудың қызы Микелла Абрамованың жеңіске жетуі көпшіліктің наразылығын туғызды. Байқауда қазақстандық Ержан Максим тамаша өнер көрсетті деп есептейтін көрермен бағдарламаға бойкот жариялады. Ресейдің Максим Галкин, Валерий Меладзе, Иосиф Пригожин, Станислав Садальский, Алла Пугачева сияқты танымал өнер қайраткерлері де байқау финалы әділ болмады деген пікір білдірді.

Телеарна тексеру жүргізіп, дауыс беру кезінде сәйкессіздіктер болғанын хабарлады. Қазіргі уақытта балалардың өнеріне берілген дауысты тексерумен киберқауіпсіздік саласындағы Group-IB компаниясының мамандары айналысып жатыр. Аудит нәтижесінен соң хабар таратушы мұндай байқаудағы дауыс беру ережесін өзгертпек. «Россия» телеарнасы әнші Алсуды 14-18 мамыр аралығында Израильде болатын «Евровидение-2019» ән байқауының финалында Ресей қазыларының бағасын хабарлаудан шеттетті.

Ержан Максим «Голос. Дети» байқауында жеңімпаз болмағанына өкінбейтінін, керісінше, бұдан соң танымал бола түскенін айтты.