Тұңғыш Президент азаматтарды алдағы сайлауға белсенді қатысуға үндеді

Қазақстан халқы ассамблеясының XXVII сессиясында ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы, ассамблея төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев алдағы сайлауға қатысты пікір білдірді.

9 маусымға Президент сайлауы белгіленді. Барша қазақстандықты, ассамблея мүшелерін алдағы сайлауға белсенді түрде қатысуға шақырамын, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Елбасы биыл наурызда өкілеттікті тоқтату туралы шешімді не үшін қабылдағанын түсіндірді.

30 жылға жуық уақыт Қазақстанға басшылық еттім. Менің бұл қадамым Қазақстанның тұрақты дамуын ары қарай қамтамасыз ету үшін, сонымен бірге тыныш билік транзиті үшін және басшылардың жаңа буынының аяққа тұруына көмектесу тұрғысында жасалды. Осы қадамымды әлемнің көптеген елінің басшылары дұрыс түсініп, қолдау білдірді. Елде осыған байланысты өкініш пен үрей болғанын білемін. Уақыттың ырыққа көнбейтіні, бір орында тұрмайтыны баршамызға аян. Бәрі өзгеріске ұшырайды, біз де өзгеруіміз керек. Менің ойымша, бұл дұрыс шешім болды. Осыған байланысты ешқайсыңызда бұл шешімге байланысты күмән болмауын қалаймын. Осы уақытқа дейін қолдап келген ел халқына, Қазақстан халқы ассамблеясының барлық мүшесіне алғысымды айтамын, — деді ол.

ДереккөзInform.kz