Басты бетЖаңалықтарӘміржан Қосанов...

Әміржан Қосанов «Ұлт тағдыры» қозғалысынан президенттікке үміткер ретінде ұсынылды

«Ұлт тағдыры» қозғалысы 9 маусымда өтетін кезектен тыс Президент сайлауына Әміржан Қосановты кандидат ретінде ұсынды. Бұл шешім қозғалыстың 26 сәуірде Алматыда өткен жиынында қабылданды.

Әміржан Қосанов «Президент болып жатса, елдегі экономикалық мәселелерді шешіп, партияларды тіркеу жолын жеңілдететінін және Парламент сайлауына барлық саяси ұйымның қатысуына мүмкіндік беретінін» айтты.

Ол Орталық сайлау комиссиясы кандидатурасын тіркесе, сайлауда негізгі қарсыласы Nur Otan партиясының кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаев болатынын мәлімдеді.

Тоқаевтың әкімшілік ресурсы мықты. Бірақ менің артымда халық тұр. Теледебатқа да дайынмын, — деді Әміржан Қосанов.

Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Саяси додаға кандидаттар ұсыну 28 сәуірге дейін жалғасады, кандидаттарды тіркеу 11 мамырда аяқталады.

Қазірге дейін саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден ұсынылғандар:

  • Сәдібек Түгел — «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысы​ (тіл емтиханынан өтті);
  • Қасым-Жомарт Тоқаев — Nur Otan партиясы (тіл емтиханынан өтті);
  • Амангелді Таспихов — Қазақстан кәсіподақтар федерациясы (тіл емтиханынан өтті);
  • Дания Еспаева — «Ақ жол» партиясы (тіл емтиханынан өтті);
  • Төлеутай Рақымбеков — «Ауыл» партиясы;
  • Жамбыл Ахметбеков — Қазақстан коммунистік халық партиясы.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия сайлауға бойкот жариялады.