Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тіл емтиханынан сүрінбей өтті

Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке кандидат ретінде мемлекеттік тілді білуі жөнінен емтихан тапсырды.

Кандидат тапсырған емтиханның нәтижесін лингвистикалық комиссия төрағасы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түркология кафедрасының меңгерушісі Мырзатай Жолдасбеков жария етті.

Өздеріңіз білесіздер, Nur Otan партиясы ұсынған үміткер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бүгін келіп емтихан тапсырды. Екі сағаттың деңгейінде біздің ортамызда болды. Ережеге сәйкес емтихан тапсырды. Бірінші жазба жұмысының тақырыбы — «Абай Құнанбайұлының поэзиясы мен қара сөздері». Екінші тапсырма — мәтін оқуға Шерхан Мұртазаның «Мыңбұлақ» әңгімелер мен хикаяттар жинағын таңдап алды. Үшіншісі ол кісінің жанына жақын «Қазіргі Қазақстанның геосаясаты» тақырыбы болды, — деді Мырзатай Жолдасбеков.

Мырзатай Жолдасбековтің айтуынша, президенттікке үміткерден емтихан алуға комиссияның мүшелері толық қатысып, пікірлерін ашық айтты.

Шығарма жазғанда Абайдың поэзиясы, қара сөздері, оның жалпы халыққа беретін маңызы туралы бүгінгі үміткеріміз терең толғаған. Өте әдемі жұмыс. Біз бұл жұмыстан бірде-бір қате көргеніміз жоқ. Шерхан Мұртазаның «Мыңбұлақ» әңгімелер мен хикаяттар жинағының үш бетін оқыды. Мәнерлеп, ырғағымен өте әдемі оқып берді. Ал «Қазіргі Қазақстанның геосаясаты» жайында кең толғады, терең сөйледі. Жалпы, біздің лингвистикалық комиссияның берген қорытындысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік тілді толық, жан-жақты меңгерген, — деді комиссия төрағасы.

Айта кету керек, ҚР Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау үшін: 1) лингвистикалық комиссия ұсынған тақырып бойынша көлемі екі беттен аспайтын жазбаша тапсырма жазу, 2) лингвистикалық комиссия ұсынған көлемі үш баспа беттен аспайтын мәтінді оқу, 3) лингвистикалық комиссия ұсынған тақырып бойынша көпшілік алдында 15 минуттан кем емес сөз сөйлеу талап етіледі.

Еске салайық, Nur Otan партиясының төрағасы, Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алдағы кезектен тыс Президент сайлауына партия атынан қатысуға Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынған еді. Партияның ХІХ съезінің делегаттары бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. Оның құжаттары бүгін — 23 сәуірде Орталық сайлау комиссиясына тапсырылды. Қазақстан Президентін кезектен тыс сайлау 9 маусым күні өтеді.

ДереккөзInform.kz