Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Әлемдік шоу Алматыда: Cirque du Soleil OVO премьерасын ұсынды

Фото: OVO by Cirque Du Soleil
11 маусым күні Алматыда әлемдік цирк өнерінің ең танымал жобаларының бірі – Cirque du Soleil ұсынған OVO шоуының көптен күткен премьерасы өтті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Almaty Arena сахнасында қойылған әйгілі шоу оңтүстік астана тұрғындарына алғаш рет жол тартып, мыңдаған көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Қазақстан OVO халықаралық гастрольдік туры өткен 47-ел атанса, Алматы аты аңызға айналған цирк ұжымын қабылдаған еліміздегі екінші қала болды. Бұған дейін шоу Астана көрермендерінің жоғары бағасына ие болған еді.

Әлемдік шоу Алматыда: Cirque du Soleil OVO премьерасын ұсынды
Фото: OVO by Cirque Du Soleil

Көрерменге жабық әлемнің есігі ашылды

Премьера қарсаңында халықаралық шығармашылық топ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнайы экскурсия ұйымдастырып, қойылымның сахна сыртындағы өмірін көрсетті.

Журналистер артистердің дайындық барысын бақылап, техникалық мамандардың, костюмерлердің және музыканттардың күнделікті жұмысымен танысты. Қонақтар үшін әдетте көрермен кіре алмайтын арнайы аймақтар ашылып, әлемдік деңгейдегі шоу қалай дайындалатыны таныстырылды.

Сахна сыртында ондаған маман үздіксіз еңбек етеді. Артистер қыздыру жаттығуларын жасап, акробатикалық элементтерді пысықтайды. Ал техникалық топ жарық пен дыбысты реттеп, қауіпсіздік жүйелерін тексереді. Костюмерлер жүздеген сахналық киімдерді әзірлеп, әр кейіпкердің образын мінсіз деңгейде дайындайды.

Әлемдік шоу Алматыда: Cirque du Soleil OVO премьерасын ұсынды
Фото: OVO by Cirque Du Soleil

Акробатикалық өнердің шыңы

Экскурсия барысында БАҚ өкілдері қойылымдағы ең күрделі нөмірлердің дайындықтарын да тамашалады.

Олардың қатарында:

  • аяқпен жонглерлік жасау;
  • әуе торындағы трюктер;
  • әуе белдіктеріндегі дуэт;
  • батут арқылы қабырға бойымен жүгіру;
  • акробатикалық жолақтағы динамикалық қойылымдар;
  • «Әуе бесігі» атты топтық нөмір болды.

OVO қойылымының басты ерекшелігі – әрбір акробатикалық элементтің оқиға желісімен үйлесуі. Мұнда трюктер тек техникалық шеберлік емес, қойылымның көркемдік мазмұнын толықтыратын маңызды құрал ретінде қолданылады.

Әлемдік шоу Алматыда: Cirque du Soleil OVO премьерасын ұсынды
Фото: OVO by Cirque Du Soleil

Жәндіктер әлеміндегі махаббат хикаясы

Португал тілінен аударғанда OVO сөзі «жұмыртқа» деген мағынаны білдіреді.

Қойылымның сюжеті жұмбақ жұмыртқаның пайда болуы арқылы басталады. Бұл оқиға жәндіктер әлемінің тыныс-тіршілігін өзгертіп, ерекше махаббат хикаясының өрбуіне себеп болады.

Сахнада көбелектер, қоңыздар, құмырсқалар, шегірткелер, өрмекшілер және өзге де фантастикалық кейіпкерлер көрініс табады.

Қойылым акробатиканы, музыканы, театрды, биді және заманауи визуалды технологияларды біріктіріп, көрерменді ерекше микроәлемге жетелейді.

Әлемдік шоу Алматыда: Cirque du Soleil OVO премьерасын ұсынды
Фото: OVO by Cirque Du Soleil

OVO-ның ең әсерлі нөмірлері

Шоуда ұсынылатын ең күрделі әрі әсерлі нөмірлердің бірі – алып тербелмелі жапырақ үстінде орындалатын сым бойындағы акробатика.

Сонымен қатар көрермендер:

  • ультракүлгін жарықтағы diabolo-жонглерлік өнерді;
  • «көбелектер» әуе дуэтін;
  • батут қабырғасындағы акробаттарды;
  • биіктегі әуе гимнастикасын;
  • күрделі топтық акробатикалық қойылымдарды тамашалай алады.

Бұл нөмірлер жоғары технологиялық жарықпен және арнайы музыкалық сүйемелдеумен толықтырылған.

Әлемдік шоу Алматыда: Cirque du Soleil OVO премьерасын ұсынды
Фото: OVO by Cirque Du Soleil

25 елден жиналған халықаралық команда

OVO шоуының қойылымына әлемнің 25 елінен келген 100-ден астам маман қатысады.

Сахнада 53 әртіс өнер көрсетеді. Олардың қатарында халықаралық жарыстардың чемпиондары, кәсіби акробаттар, гимнасттар және музыканттар бар.

Музыкалық сүйемелдеуді жеті музыкант пен бір вокалист тікелей орындап, қойылымның атмосферасын күшейтеді.

800 костюм элементі пайдаланылған

OVO шоуының визуалды шешімдері де ерекше назар аударады.

Бір ғана қойылым үшін шамамен 800 костюм элементі пайдаланылады. Барлық костюм Cirque du Soleil компаниясының Монреальдағы шығармашылық орталығында дайындалады.

Гастрольдік тур барысында олардың жағдайын арнайы бес маман қадағалайды. Әр костюм нақты әртістің дене ерекшеліктеріне сай жеке тігіледі.

Әлемдік шоу Алматыда: Cirque du Soleil OVO премьерасын ұсынды
Фото: OVO by Cirque Du Soleil

Әлеуметтік жоба аясындағы қайырымдылық бастамасы

Қазақстандағы гастрольдер аясында ұйымдастырушылар әлеуметтік маңызы бар бастамаға да ерекше көңіл бөлді.

200-ден астам билет балалар үйлері тәрбиеленушілеріне, әлеуметтік мекемелердегі балаларға және ерекше қажеттіктері бар жасөспірімдерге тегін берілді. Осының арқасында жүздеген бала әлемге әйгілі шоуға қатысып, халықаралық мәдени оқиғаның бір бөлігіне айналды.

Алматыдағы көрсетілімдер 14 маусымға дейін жалғасады

Қойылымдар 14 маусымға дейін Almaty Arena сахнасында өтеді.

Әлемнің 50-ге жуық елінде көрсетіліп, 10 миллионнан астам көрермен жинаған әйгілі шоу Алматы тұрғындары мен қала қонақтарына цирк өнерінің жаңа деңгейін ұсынып отыр. OVO – тек қойылым емес, өнер, технология және қиялдың тоғысқан ерекше әлемі.

Мақалаға реакция