Алматыдағы «Байсат» базарының әлі күнге дейін сатылмауына сұраныстың төмендігі себеп болуы мүмкін. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифиңде журналистер бір жылдан бері сатылымға шығарылған нысанның неге өтпей жатқанын және сатып алушы табылмаған жағдайда оның әрі қарайғы тағдыры қандай болатынын сұрады.
Қаржы министрлігі мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Нұрмахан Әділбековтің айтуынша, базардың сатылмауы инвесторлардың қызығушылығының төмендігімен немесе әлеуетті сатып алушылардың қаржылық мүмкіндіктерінің жеткіліксіздігімен байланысты болуы ықтимал.
Оның сатылмай жатқанының негізгі себебі сұраныстың немесе инвесторларда жеткілікті қаржының болмауы шығар. Егер нысан алдағы уақытта да сатылмаса, оны Алматы әкімдігінің коммуналдық меншігіне беру мәселесі қарастырылуы мүмкін, — деді Нұрмахан Әділбеков.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде жекешелендіруге шығарылған барлық нысан ашық форматта электрондық сауда алаңдары арқылы сатылымға қойылып отыр. Ал сатылмай жатқан мүліктердің басым бөлігінде негізгі мәселе — сұраныстың төмен болуы.
Айта кетейік, «Байсат» базары бұрын Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған активтердің қатарында аталады. Қазір нысан ашық сауда арқылы инвесторлар үшін қолжетімді болып отыр.
