Мехикодағы «Ацтека» стадионында өткен Мексика мен Оңтүстік Африка Республикасы құрамалары арасындағы әлем чемпионатының ашылу матчы тарихи рекордпен есте қалды.
Кездесуде бас төреші үш қызыл қағаз көрсетіп, әлемдік мундиальдар тарихындағы жаңа көрсеткіш тіркелді.
Ойынның 49-минутында бразилиялық төреші Вилтон Сампайо мексикалық Бриан Гутьерреске қарсы соңғы үміт ережесін бұзғаны үшін ОАР құрамасының жартылай қорғаушысы Сфифело Ситхоулуды алаңнан қуды.
Арада көп уақыт өтпей, VAR жүйесінің көмегімен эпизодты қайта қарап шыққан төреші дөрекі ойыны үшін оңтүстікафрикалық Темба Званеге де тікелей қызыл қағаз көрсетті.
Ал матчтың қосымша уақытында, нақтырақ айтқанда 90+2-минутта, гол соғудың айқын мүмкіндігін тоқтатқан Мексика құрамасының капитаны Сесар Монтес те қызыл қағаз алып, алаңды мерзімінен бұрын босатты.
Осылайша әлем чемпионаттарының ашылу матчтары тарихында алғаш рет үш футболшы алаңнан қуылды.
Бұған дейін мұндай кездесулерде ең көп дегенде екі ойыншы ғана қызыл қағаз алған болатын. Соңғы осындай жағдай 1990 жылы Италияда өткен әлем чемпионатында Аргентина мен Камерун құрамалары арасындағы ашылу матчында тіркелген еді. Ол кездесуде камерундық Андре Кана-Бийик тікелей қызыл қағаз алса, Бенжамен Массинг екі сары қағаздың нәтижесінде алаңнан қуылған болатын.
Айта кетейік, өткен түні футболдан 23-ші әлем чемпионатының ашылу салтанаты басталды.
