Қасым-Жомарт Тоқаев Ядро медицинасы орталығына қатысты жауапсыздықты сынады

Қасым-Жомарт Тоқаев Семей полигоны зардабын тартқан азаматтарға тиісті деңгейде көмек беру мен өңірде Ядро медицинасы орталығын салу мәселесін дереу шешуді тапсырды. Ақорданың баспасөз хатшысы Берік Уәлидің хабарлауынша, бұл туралы Мемлекет басшысы Семейде зиялы қауым өкілдерімен кездескен кезде айтты.

Қазір «Семей полигонындағы ядролық сынақтың тауқыметін тартқан тұрғындарды қорғау және оңалтуға арналған бұған дейінгі шаралардың тиімділігі» жөнінде арнайы зерттеу жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін полигон аймағындағы тұрғындар мен олардың ұрпақтарына ядролық сынақтардың тигізген зиянын нақтылап, әлеуметтік кепілдіктердің көлемін анықтаймыз. Үкіметке полигон аумағындағы халыққа берілетін әлеуметтік көмектің мөлшері жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, өңірдегі тағы бір күрделі ахуал Семейдегі Ядро медицинасы орталығының құрылысына қатысты болып отыр. Мәселе 2012 жылдан бері айтылып келеді.

Жағдайдың мән-жайын мен жақсы білемін. Орталықтың құрылысы әбден созылып кетті. Бұл тиісті мемлекеттік органдардың адам тағдырына соншалықты жауапсыз қарап отырғанын көрсетеді. Сондықтан айтыс-тартысты дереу тоқтатып, елге тиімді ортақ мәмілеге келу керек. Облыс әкімі мен Денсаулық сақтау министріне орталықты жабдықтап, қысқа мерзім ішінде іске қосуды қатаң тапсырамын. Полигонның салдарынан түрлі дертке шалдыққан азаматтарды тиісті деңгейде емдеумен қатар оларға оңалту қызметін көрсету мүмкіндіктерін де қарастыру қажет, — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәліметінше, Семейде және осы өңірге қарасты ауылдарда 1300-ден астам мүмкіндігі шектеулі бала бар. Қажетті жағдай жасалмаған тар ғимаратта орналасқан оңалту орталығы бір уақытта 35 бала ғана қабылдай алады. Президент Шығыс Қазақстан облысының әкіміне мәселені дереу қолға алып, Семейде балаларды оңалту орталығын салуды тапсырды.

Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Семей мен Өскеменге жұмыс сапарымен аттанғаны хабарланған еді.