“Ауыл” партиясы Президент сайлауына түсуге Төлеутай Рақымбековті ұсынды

Партияның саяси кеңесінің мүшелері ортақ пікірге келген. Президенттікке жалғыз кандидатура ұсынылып отыр.

Төлеутай Рахымбеков
Төлеутай Рахымбеков. Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

“Ауыл” халықтық-демократиялық партиясы 2019 жылдың 9 маусымында өтетін кезектен тыс Президент сайлауына Төлеутай Рақымбековті ұсынды. Бұл туралы партия төрағасы Әли Бектаев Нұр-Сұлтанда өткен партияның кезектен тыс XV съезінде мәлімдеді.

Ауылдардың, әсіресе, көпбалалы отбасылар, ауыл шаруашылығы мәселелері маған жақсы таныс. Сонымен бірге қаладағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жол, кәсіпорындар, өндіріс, ғылым тақырыбында да тәжірибем жетерлік, – деді Төлеутай Рақымбеков.

Төлеутай Рақымбеков 1964 жылы Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде туған. 1986 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша үздік бітірген. 1992 жылы Мәскеуде Бүкілодақтық ауыл шаруашылығын электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын тәмамдаған. 2001 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін  заңгер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын ол 1986 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының кіші ғылыми қызметкері, аспиранты болып бастаған. 1987 жылы Жезқазған облысы Жаңаарқа ауыл шаруашылығын механикаландыру және материалдық-техникалық жабдықтау кәсіпорнының инженер-ақау жөндеушісі, цех шебері, аға бақылаушы шебері, аға инженер-технологы болды. 1992 жылы “Жазира”, “Дана” кәсіпорындарының директоры, “ДанаБизнес” шағын бизнес орталығы” АҚ президенті, “Жезқазған облыстық шағын және орта бизнес орталығы” ЖШС бас директоры болды. 1999 жылы Сәтбаев әкімінің орынбасары, 2002-2006 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің басқарма бастығы, департамент директоры, ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінің департамент директоры болып жұмыс істеді.

2007-2009 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы “ҚазАгроИнновация” АҚ президенті, ҚР Премьер-министрі орынбасарының кеңесшісі, “Қазақстан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын модернизациялау және дамыту орталығы” АҚ басқарма төрағасы, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.  2016-2017 жылдары “Атамекен” ҰКП Агробірлік орталығының директоры, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі болды.

2019 жылдың сәуір айында “Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы” АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды.

Еске салайық, бұған дейін 9 маусымда өтетін кезектен тыс Президент сайлауына Nur Otan партиясының атынан Қасым-Жомарт Тоқаевтың, “Ақ жол” партиясының атынан Дания Еспаеваның, “Ұлы дала қырандары” республикалық қозғалысы атынан Сәдібек Түгелдің және Қазақстан кәсіподақтар федерациясының атынан Амангелді Таспиховтің ұсынылғаны хабарланған еді.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!