Жамбыл Ахметбеков ҚКХП атынан президенттікке кандидат ретінде ұсынылды

Жамбыл Ахметбеков Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан кезектен тыс Президент сайлауына ұсынылды. Бұл туралы саяси партияның XIV кезектен тыс съезінде орталық комитет хатшысы Дмитрий Легкий мәлімдеді.

Бұл мәселені мұқият талқылаудың нәтижесінде біз президенттікке кандидат ретінде Ахметбеков Жамбыл Аужанұлын ұсынамыз, — деді ол.

Жамбыл Ахметбеков — ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, палатаның әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі. Ол 1961 жылы Ақмола облысының Жантеке ауылында туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Еңбек жолын 1983 жылы Қорғалжын кеңшарының механигі болып бастады. 1992-1994 жылдары Қарағанды облысы Теңіз аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, кейінгі жылдары ауданның жастар ісі, туризм және спорт бөлімінің және Қорғалжын ауданының мәдениет бөлімінің меңгерушісі болды.

2000 жылдардың басында Дружба орта мектебі директорының орынбасары, Қорғалжын аудандық білім бөлімінің алғашқы әскери дайындық және спорт жөніндегі әдіскері, осы аудан әкімі аппаратының бас маманы және ұйымдастыру-бақылау бөлімінің басшысы болып қызмет етті. 2005-2011 жылдары аудан әкімі аппаратының жетекшісі, Қазақстан коммунистік халық партиясы орталық комитетінің хатшысы болды. 2012 жылдың 20 қаңтарынан бері — Мәжілістегі «Халық коммунистері» фракциясының депутаты. Ол бұған дейін де Президент сайлауына түскен.

ДереккөзTengrinews.kz