Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бейжіңде «Бір белдеу, бір жол» екінші халықаралық ынтымақтастық форумының ашылу рәсіміне қатысты.
Елбасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге форумға шақырғаны үшін ризашылық білдірді.
Қытай халқында «Бай болғың келсе, жол сал» деген тәмсіл бар. Бұл дана сөз біз бірлесе жаңғыртып жатқан Ұлы Жібек жолының тарихына да тікелей қатысты. 2 мың жыл бұрын адамдардың батылдығы мен іскерлігінің арқасында Еуразия жолдардың бір желісіне біріккен еді. Мұны адамзат тарихындағы жаһанданудың алғашқы қадамдары деуге болады, — деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев соңғы 30 жыл ішінде Еуразиядағы Жібек жолын жаңғыртудың көптеген тұжырымдары болғанын және олардың жүзеге аспағанын атап өтті.
Адамзат дамуының болашақ үрдісі айқындалғандай болып көрінген еді. Бірақ 2013 жылы Қытайдың Қазақстанда ұсынған Жібек жолы моделі қазіргі заманғы геосаяси жағдайларда өміршең ғана емес, табысты жобаға айналды. Бұған оның 5 жылдан астам уақыттағы даму кезеңі дәлел, — деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» бастамасына Қазақстанның әуел бастан қолдау білдіргенін атап өтіп, бірінші форумның қорытындылары бойынша қол жеткізілген жетістіктерге тоқталды.
Әлем жұртшылығы қарама-қайшы геосаяси тұжырымдардан шаршағаны анық. Барған сайын геоэкономика мен бірлесе дамудың маңызы артып келеді. «Бір белдеу, бір жол» экономикалық ынтымақтастық үшін ашылатын жаңа мүмкіндіктерден де ауқымды әрі маңызды жоба. Бұл — әлемдегі 120-дан астам мемлекеттің қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, кеңінен сауда-саттық жасауға және өсіп-өркендеуге деген тарихи сұранысынан туындаған бастама, — деді ол.
Елбасының мәліметінше, саяси қарама-қайшылыққа, санкциялар мен сауда текетіресіне қарамастан осы бастама аясындағы сауда көлемі артып, бүгінде 5 триллион доллар болған.
Тарихи кезең әлемдік ықпалдастық орталығын қайтадан Шығысқа қайтарып жатыр. Біз бүгін Азияның шын мәнінде ХХІ ғасыр өңіріне айналғанын көріп отырмыз. Әлемдік ішкі жалпы өнімнің 28%-ы осында шоғырланған және бұл көрсеткіш арта береді. Қазірдің өзінде шығыстандыру үрдісі ықпалдасудың жаңа бағыттарын ұсынып отыр, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаевтың мәлімдеуінше, Жібек жолының экономикалық белдеуі жобасы мен Еуразия экономикалық одағын ұштастырудың әлеуеті зор.
«Бір белдеу, бір жол» бастамасы географиялық жағынан орналасуға және даму үдерісіндегі теңсіздіктерге қатысты сын-тегеуріндерді еңсере алды. Еуразия қайтадан біртұтас кеңістікке айналды. Біздің құрлықтың әртүрлі және қашықтықта орналасқан өңірлері 2 мың жыл бұрынғыдай бір желіге бірікті. Біз қысқа мерзім ішінде күрделі табиғи жер бедерлерін және геосаяси қарама-қайшылықтарды айналып өткен экономикалық дәліздер құрдық, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның белсене араласуымен жүзеге асырылып жатқан логистикалық жобалар туралы әңгімеледі.
2016 жылдан бастап «Нұрлы жол» бағдарламасын Жібек жолының экономикалық белдеуімен ұштастыру жоспары табысты іске асырылып жатыр. Еуропа мен Қытайды Ресей мен Қазақстан арқылы «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» құрлықаралық жоғары деңгейлі автомагистраль байланыстырды. Біздің еліміз Қытайдың Ляньюньгань портында логистика терминалын салды. «Қазақстан — Түрікменстан — Иран — Парсы шығанағы» бағытындағы теміржол іске қосылды. Қытайдан Оңтүстік Кавказға, Түркияға және одан әрі Еуропаға Қазақстанның Ақтау және Құрық порттары арқылы жөнелтілетін жүктердің көлемі артып келеді, — деді Тұңғыш Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев Қытай басшысы «Бір белдеу, бір жол» арқылы тағдыры ортақ адамзат қоғамдастығын бірлесе құруға шақырып отырғанын атап өтті.
Әлемдік саясаттағы жаңаша ойлау барлық елдің мүддесін жұмылдыруға бағытталған менің G-Global идеяммен үндеседі, — деді ол.
Тұңғыш Президент Қытай халқын мемлекеттің 70 жылдығымен құттықтап, елді дамыту жолындағы мақсаттарының орындалуына тілектестік білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев сапары барысында «Синьхуа» ақпарат агенттігі, CCTV телеарнасы, «Жэньмин Жибао» газеті, Қытайдың орталық радиосы, China News Service ақпарат агенттігі, «Хуанцю шибао» басылымы сияқты ресми БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.