Нұрсұлтан Назарбаев Бейжіңге барды

Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға барды. Бұл туралы Тұңғыш Президент — Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter-де хабарлады.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» халықаралық форумына қатысу үшін Бейжіңге келді. Сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездеседі деп жоспарланып отыр, — деп хабарлады Айдос Үкібай.

Еске салайық, бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяомен кездескенде Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» атты форумға шақыруын ризашылықпен қабыл алғанын айтқан еді. Тұңғыш Президент бұл сапарында Қытай Халық Республикасының Төрағасымен келіссөз өткізуді жоспарлап отыр.

Елші Чжан Сяо Нұрсұлтан Назарбаевқа Си Цзиньпиннің зор ілтипатын жеткізді. Оның айтуынша, «Бір белдеу, бір жол» атты екінші форум — 37 мемлекеттен ірі саясаткерлер қатысатын ауқымды халықаралық шара.

Қатысушылардың ішінде Сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, бұл іс-шараның ең маңызды әрі құрметті қонағы боласыз, — деді ҚХР елшісі Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуде.

Чжан Сяо «Бір белдеу, бір жол» бастамасы мен «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатының табысты ұштасқанын айтты.