Жүктілікке және босануға байланысты жәрдемақы қалай беріледі?

Жүктілік, босану
Иллюстрация: Dribbble.com © Siyuan Gao

Жүктілікке және босануға байланысты жәрдемақы қалай тағайындалады? Кесар тілігін жасатқан және ауыр босанған аналарға қандай жәрдемақы беріледі? Жас босанған аналар үйден шықпай жәрдемақыны, балабақша кезегін, құжаттарды қалай рәсімдей алады? Бұл туралы Халыққа қызмет көрсету орталығының маманы Ажар Қайратбекқызы жауап берді.

1. Жұмыс істейтін және жұмыссыз әйелдерге қандай жәрдемақы беріледі?

Жұмыс істейтін әйелдерге:

  • баланың тууына байланысты бір жолғы мемлекеттік жәрдемақы;
  • жүктілігі және босануы бойынша табысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем;
  • бала бір жасқа толғанға дейін берілетін әлеуметік жәрдемақы тағайындалады.

Жұмыссыз әйелдерге:

  • баланың тууына байланысты бір жолғы мемлекеттік жәрдемақы;
  • бала бір жасқа толғанға дейін әлеуметтік жәрдемақы беріледі.

2. Бала туғанда тағайындалатын бір жолғы жәрдемақы қалай беріледі?

Бала туғанда берілетін бір жолғы жәрдемақы әйелдің жұмыссыз немесе жұмыс істегеніне қарамастан бірдей беріледі. 2019 жылы айлық есептік көрсеткіштің артуына байланысты, жәрдемақы көлемі де өзгерді.

Биыл бала туғанда берілетін бір жолғы жәрдемақы көлемі төмендегідей:

  • бірінші, екінші, үшінші балаға - 95 950 теңге;
  • төртінші және одан көп балаға - 159 075 теңге.

Егіз, үшем, төртемдер дүниеге келсе, жәрдемақы әрқайсына беріледі.

3. Бала бір жасқа толғанға дейін берілетін жәрдемақы көлемі қандай?

Бір жасқа дейін берілетін ай сайынғы жәрдемақы республика бюджетінен және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан беріледі.

Жәрдемақының бұл түрі жұмыс істемейтін әйелдерге республика бюджеті есебінен беріледі. Оның көлемі отбасыдағы балалар санына байланысты:

  • бірінші балаға – 14 544 теңге;
  • екінші балаға – 17 196 теңге;
  • үшінші балаға – 19 822 теңге;
  • төртінші және одан көп балаға – 22 473 теңге.

Жұмыс істейтін аналар мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төлем аударып отыруына байланысты жәрдемақының екі түрін де алады:

  • бала бір жасқа толғанға дейін соңғы екі жылдағы орташа табысының 40%-ы мөлшерінде ай сайынғы жәрдемақы;
  • жүктілік және босануға байланысты әлеуметтік төлем. Ол соңғы 12 айдағы орташа айлық табысының 4,2 еселенген көлеміндегі жәрдемақы.

4. Жүктілік және босануға байланысты әлеуметтік төлем қалай есептеледі?

Оның формуласы мынадай: соңғы 12 айдағы орташа айлық табысыңызды 4,2 коэффициентіне көбейтіп, одан 10% зейнетақы жарнасын алыңыз.

Мысалы, бір жыл ішінде әлеуметтік аударымдарды шегергенде сіз 1 500 000 теңге мөлшерінде табыс алдыңыз. Сонда:

  1. 1 500 000 : 12 = 125 000 теңге;
  2. 125 000 теңге х 4,2 = 525 000 теңге.

Шыққан сомадан 10% зейнетақы жарнасын алып тастаңыз. Жүктілікке және босануға байланысты бір жолғы төлемнің мөлшері осы болады.

Орташа айлық табыс мөлшері бір жыл ішінде шегерілген барлық қаражат мөлшеріне сүйене отырып есептеледі. Мысалы, сіз 8 ай жұмыс істесеңіз, онда 8 ай ішіндегі жалпы соманы 12 айға бөлесіз.

5. Кесар тілігін жасатқан және ауыр босанған аналарға қандай жәрдемақы беріледі?

Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл жәрдемақы жұмыс істеген әйелдерге ғана беріледі. Оның көлемі еңбекақыға байланысты.

Егер әйел ауыр босанса немесе екі не одан көп бала дүниеге әкелсе, декрет күнтізбелік 140 күн бойынша есептеледі. Ол қалыпты жағдайда 126 күн ретінде есептелетін. Оған 14 күн қосылды, соның әсерінен жоғарыдағы формуланы 4,7 коэффициенті бойынша есептейсіз.

Жұмыс істейтін әйелдерге төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептегенде максимум көрсеткіш белгіленгенін ескеріңіз.

Егер әйел айына 7 ЖТМ (жалақының ең төменгі мөлшері) алған болса, онда шекті мәнге осы сома қабылданады, яғни жәрдемақы көлемі одан аспайды. 2019 жылы әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін ең көп айлық кіріс 297 500 мың теңге болды.

6. Декреттік демалыстан уақытынан бұрын шықca, қызметкердің бала күтіміне тағайындалған жәрдемақысы сақтала ма?

Иә, сақталады. Бала бір жасқа толғанға дейін берілетін жәрдемақы қызметкердің демалыста болған-болмағанына қарамастан беріледі.

Айта кетейік, декреттік демалыс уақыты еңбек өтіліне кіреді.

7. Бала дүниеге келгеннен кейін жәрдемақыны SMS арқылы қалай рәсімдеуге болады?

Бала дүниеге келгеннен ананың жәрдемақыны рәсімдеп жүруге уақыты, жағдайы келмеуі мүмкін. Мұндай жағдайда мобайл қызметті пайдаланған тиімді. SMS арқылы тек жәрдемақы рәсімдеп қоймай, баланың дүниеге келгенін тіркеуге өтініш беруге, оны балабақша кезегіне қоюға да болады.

Бұл қызметті пайдалану үшін Мобильді азаматтар базасында тіркелу қажет. Оған төменде көрсетілген тәсілдердің бірімен:

  • ЭЦҚ қол қоя отырып, eGov.kz порталының "Жеке кабинеті" арқылы дербес;
  • Халыққа қызмет көрсету орталығы филиалдарының кез келген қызметкерлеріне жүгініп;
  • Перинаталдық орталықтар мен перзентхана жанындағы "Азаматтарға арналған үкімет" өкілдеріне жүгініп, тіркеле аласыз. 

Егер базада тіркеуде болсаңыз, бала туғаннан кейін бір тәулік ішінде сізге құттықтау SMS келеді. Онда қызмет көрсетудің қадамы көрсетіледі. SMS-те Telegram-бот сілтемесі де болады. Сол сілтеме арқылы да қызмет ала аласыз. Бастысы, SMS-сауалдарға қатесіз әрі ретімен жауап беріп отыруыңыз қажет.

Ескеретін жайт, барлық SMS-жауабыңыз R ағылшын әрпінен басталуы керек және оның алдында бос орын болмауы тиіс. Бірақ R әрпі мен әр цифр арасында бос орындар болуы (мысалы, R 1 2) қажет. Жауаптың соңғы символынан (цифрынан) кейін бос орын болмауы керек.

Сізге SMS-хабарлама келгеннен кейін жауап беруді екі күннен артық уақытқа созбаңыз. Себебі бұл қызмет бала туған сәттен бастап 3 күн ішінде көрсетіледі.

Егер базада болсаңыз да, SMS-хабарлама келмесе, 1414 тегін нөміріне қоңырау шалып, операторға мән-жайды жеткізіңіз.