Талдықорғанда туған үшемнің отбасына үш бөлмелі үй берілді

Талдықорғандағы облыстық перинаталдық орталықта дүниеге келген үшемнің отбасына үшбөлмелі үйдің кілті сыйға тартылды.

Дүниеге келгендеріне бір ай болған сәбилер — Алима, Алиша, Альмираны құттықтауға облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев келді. Ол Бауберіковтер әулетіне облыс әкімі Амандық Баталовтың сәлемін жеткізді. Сәбилердің әкесі Дәуреннің қолына Талдықорғандағы коттедж қалашықтан үш бөлмелі үйдің кілтін табыстап, нәрестелерге арналған қоларба, ойыншықтар сыйлады.

Үшемнің дүниеге келуі – үлкен қуаныш. Әр баланың өз ризығы бар. Қазіргі кезде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел саясатының арқасында әлеуметтік мәселелерге жете көңіл бөлініп, халықтың өсімі артып келеді. Үшемнің өмірге келуі Талдықорғанда осыдан 11 жыл бұрын болған екен. Енді, міне, биыл осындай зор қуанышқа кенеліп отырмыз. Сондықтан бұл үлкен оқиғаны елеусіз қалдырмай, облыс әкімі Амандық Баталов үш сәбидің ата-анасына тұрғын үй кілтін әкеліп тапсыруды маған жүктеді. Балалар үлкен азамат болып өсіп, қуаныштарыңыз ұзағынан болсын, — деп тілегін білдірді облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев.

Қуанышқа ортақтасып келгендерге ризашылығын білдірген сәбилердің әжесі Рая Есмұратқызы дәрігерлердің атына да жылы лебізін жеткізді.

Үшемге жүкті екені белгілі болғаннан бастап Еңлік перинаталдық орталықтың директоры Қанат Жұмашев бастаған білікті дәрігерлердің ерекше бақылауына алынып, күтім жасалды. Алматыға да, басқа үлкен қалаларға да мойын бұрмай, өз мамандарымызға сенім арттық. Шағын қала Талдықорғанның медицинасында да мықты кадрлар топтасқанына көзіміз жетіп, Аллаға шүкір, бүгін осындай қуанышты күнге куә болып отырмыз. Әлеуметтік саланың дамуына жағдай жасаған ел басшыларына, облыс жетекшілеріне шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Біздің жолымызды кейінгі жастарға беріп, өсіп-өне берсін, — деді Рая әже.

Облыс әкімі Амандық Баталов үшемнің ата-анасымен телефон арқылы сөйлесіп, ізгі тілегін жеткізіп, жақсылық тіледі.

Бұл үшем — Дәурен мен Еңліктің тұңғыштары. Дәурен шағын кәсіппен айналысса, Еңлік қаладағы № 12 мектепте мұғалім қызметін атқарады. Олар қыздарының болашақта дәрігер болғанын армандайды.

Перинаталдық орталық мамандарының айтуынша, сәбилердің де, анасының денсаулығының жақсы.

Нәрсетелер 2.300, 2.100 және 1.750 келі салмақпен дүниеге келген. Қазір жағдайлары жақсы, дамуы қалыпты, — деді дәрігерлер.

Үшемге берілген үш бөлмелі тұрғын үй Талдықорғандағы жаңадан салынған коттедж қалашықтан кілті тапсырылған ең алғашқы үй екен.