Гинекологтың айтуынша, көп қыз-келіншек әлі күнге дейін өз денсаулығына қатысты қарапайым нәрселерді білмейді. Әйелдер бойжетіп қалған қыздарымен бұл тақырыпта сөйлесе бермейді.

Қызыңыз бойжете бастаған кезде оны мазалайтын проблеманың бар-жоғын біліп жүріңіз. Етеккірі уақытында келе ме, еш жері ауырмай ма, көңіл-күйі дұрыс па — осының бәрін қадағалау, дер кезінде дәрігерге қарату — жанашыр ананың ісі, әсіресе қыз бала тұрмысқа шығатын кезде анасы екеуі ашық әңгімелесуі керек. Себебі жыныстан тыс патология (экстрагенитал аурулар) болуы мүмкін, — дейді дәрігер.

Жүкті әйелдерде бүйрек, жүрек аурулары мен қандағы гемоглобин мөлшерінің төмендеуі жиі кездеседі. Гинекологтың айтуынша, баланың дені сау болып тууы үшін қандағы гемоглобин мөлшері маңызды.

Жүкті әйелдің көбі қандағы гемоглобиннің азаюын қалыпты нәрсе деп санайды. Олар бала тууды ғана ойлап, денсаулығына төнетін қауіпті ескермейді. Мұндай жағдайдың күннен күнге көбеюінің бір себебі — педиатрлардың бүлдіршін қыздармен дұрыс жұмыс істемеуінде. Қандағы гемоглобиннің қалыпты мөлшері әйелдерде 120-140 аралығында болады, тіпті 120-ның өзі дүниеге дені сау бала әкелуге кедергі болатынын ескертеміз. Дәрігерлердің арқасында әйел аман-есен босанды делік. Бірақ балада гемоглобин төмен, сол себепті туа салысымен анемия болады. Ал анемия қанның дұрыс жүруін қамтамасыз ете алмайды. Салдарынан сәбиге оттегі жеткілікті мөлшерде жетпейді. Кейде бір жасқа толған баланың екі тісі ғана өседі. Осыдан-ақ ол балаға минерал, дәрумен жетпейтінін түсінеміз, — дейді Гүлнәр Қалибекова.

Әйел алғашқы баланы босанғаннан кейін кемі 3 жыл күтінуі керек. Өйткені оның ағзасы қайта қалпына келіп, жаңаруы қажет. Гинекологтың айтуынша, араға уақыт салып, күтінбеген адамның дені сау баланы дүниеге алып келуі екіталай.

Гүлнәр Қалибекова
Гүлнәр Қалибекова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қыз-келіншектерге жылына екі рет гинекологқа көріну, жүктіліктен бұрын гемоглобин мөлшерін қалпына келтіру, бірінші баладан кейін күтіну мен жеке гигиена туралы жиі айтамыз. Медицина жағынан, анатомиядан адамдар әлі көп нәрсені білмейді. Менің тәжірибемде бірінші баласын қаңтарда, екіншісін сол жылдың желтоқсанында босанған келіншек болды. Ол аз уақытта екі баланы дүниеге әкелгеніне қуанды. Екеуін де кесар тілігін жасау арқылы босанды. Көп әйел баланы емізіп жүрген кезде жүктілік болмайды деп ойлайды. Негізі ол әр адамда әртүрлі. Босанғаннан кейін төрт ай өтпей келесі балаға жүкті болатындар бар. Біріншіден, мұндай кезде әйелдің ағзасы жаңарып үлгермейді. Екіншіден, емізулі бала ана сүтінен қағылады. Үшіншіден, осының бәрі іштегі балаға әсер етіп, ол әлсіз болып туады, салмағы да аз болады, — дейді дәрігер.

Гинеколог күнтізбе бойынша бала көтеру туралы сұраққа да жауап берді. Оның айтуынша,  күнтізбеге қарап баланың жынысын жоспарлау — қате.

Медицина Х, У хромосомаларының қайсының жатырға бітетінін алдын ала білмейді, оны ешкім жоспарлай алмайды. Бұл — жай ғана адамдардың сенімі. Шынында баланың жынысын таңдап, жүкті болғандар болса, ол — кездейсоқтық, — дейді дәрігер.

Қыздар тұрмысқа шығуды жоспарламаса да, гинекологқа қаралуы керек. Өйткені олар өз денсаулығына қатысты көп нәрсені ескермейді.

Олар жеке гигиенаны, дұрыс тамақтануды білмейді. Жыныстық қатынастан кейін болуы мүмкін түрлі жағдайды ескермейді. Әр жылы әйелдердің денсаулығына қатысты түрлі кеңес айтамыз. Бірақ бұл проблемаларға жыл сайын қайтадан кезігеміз. Ешқандай өзгеріс байқалмайды. Қай ата-ана ұрпағының дені сау болып дүниеге келгенін қаламайды? Ендеше, әр ата-ана әуелі өз денсаулығына көңіл бөлсін. Денсаулығы мықты әйел ғана толық жетілген, дені сау баланы дүниеге алып келеді, — дейді гинеколог.