Мемлекеттен тұрғын үйді қалай алуға болады?

тұрғын үй

Бүгінгінің басты мәселесі — баспаналы болу. Мемлекет осыған қатысты көп азаматтарға жеңілдіктер қарастырған. Мұны біреу білсе, біреу білмей жатады. Сонымен, мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрғын үйді кімдер ала алады?  Кезекке қалай тұруға болады? Жауабын іздеп көрдік.

1. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға кім үміткер бола алады?

  • Ұлы Отан соғысының мүгедектері және қатысушылары;
  • Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, кәмелет жасына толмай ата-анасынан айрылған 23 жасқа дейінгі азаматтар;
  • Мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйымдар қызметкерлері, әскери қызметкерлер, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер;
  • ҚР Заңы бойынша жалғыз тұрғылықты мекенінің апатты жағдай екендігі жайлы сот үкімі шыққан азаматтар;
  • Халықтың әлеуметтік әлсіз топтары тұрғын үй кезегіне тұра алады.

2. Халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына кімдер жатады?

  • І және ІІ топтағы мүгедектер (өзіне қастандық жасау арқылы мүгедек атанғандар бұл тізімге кірмейді);
  • Мүгедек баласы бар отбасылар;
  • Кейбір асқынған аурулары бар азаматтар (тізімді мына сілтемеден көре аласыз);
  • Зейнеткерлер;
  • Оралмандар;
  • Көпбалалы отбасылар;
  • Экологиялық апаттар, табиғи төтенше жағдайлар және техногендік факторлар әсерінен тұрғылықты мекенінен айрылған азаматтар;
  • Мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттемелерін атқару барысында немесе адам өмірін сақтау кезінде қайтыс болған әсери қызметкерлердің отбасына;
  • Толық емес отбасылар аталған топқа жатқызылады және кезекке тұру мүмкіндігіне ие.

Сондай-ақ төмендегі жағдайлар бойынша да баспана алуға болады.

  • Тұрып жатқан баспанасы белгіленген санитарлық және техникалық талаптарға жауап бермеген отбасыларға;
  • Біріккен оқшауланбаған тұрғын бөлмелерде екі және одан да артық отбасы тұрса;
  • Сіздің отбасыңызда кейбір созылмалы аурулардың ауыр нысандарымен ауыратын науқастар болса (ҚР Үкіметінде бекітілген аурулардың тізімі бойынша), онда бір бөлмеде (пәтерде) бірге тұру мүмкін емес.

Егер жоғарыда келтірілген санаттардың біріне кіретін болсаңыз, тұрғын үй кезегіне тұра аласыз. Оған egov.kz порталы арқылы онлайн сұрау жібересіз.

3. Кімге қандай құжаттар қажет?

Барлық санаттағы азаматтар үшін тұрғын үй алғысы келген аймақта 3 жыл тұрақты тіркеуі болуы қажет. Сондай-ақ барлық азаматтарда ЭЦҚ кілті болуы керек, оны халыққа қызмет көрсету орталығынан ала аласыз.

  • Жалғызбасты аналарға: баласының туу туралы куәлігі, ажырасқан туралы немесе жарының қайтыс болғаны туралы куәлік; табысы немесе жәрдемақы туралы 12 айдың анықтамасы (оны зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан аласыз);
  • Зейнеткерлерге: неке/ажырасу/қайтыс болғаны туралы куәлік; зейнетақыға 12 айдың анықтамасы (оны зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан аласыз);
  • Мүгедектерге: мүгедектігі туралы құжат, жәрдәмақыға 12 айдың анықтамасы (оны зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан аласыз);
  • Отбасылы азаматтарға: неке туралы, балалардың туу туралы куәлігі, жұмыс орнынан анықтама, табысқа 12 айдың анықтамасы (оны зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан аласыз);

Ескерту: отбасы мүшелерінің барлығы бір мекенде тұрақты тіркеуде болуы тиіс. Ал тұрақты 3 жылдық тіркеу тек өтініш берушіде болса жеткілікті.

4. Кезекке тұрғаннан кейін не істеу қажет?

Құжаттардың барлығын сканерлеп, pdf форматта egov.kz порталына жүктейсіз. Өтініш білдіргеніңізге 30 күн толғаннан кейін, порталдағы жеке кабинетіңізге хабарлама келеді. Мұнда сіздің тіркеуге тұрғандығыңыз немесе өтінішіңіздің қабылданбағандығы туралы айтылады. Егер қабылданса, кезекте нешінші тұрғандығыңызды біле аласыз. Осы кезекпен "Аймақтарды дамыту бағдарламасы – 2020" шеңберіндегі байқауларға қатыса аласыз. Байқаулар және кезегіңіз туралы Тұрғын үй басқармасының ресми сайттарынан біле аласыз (uzh.astana.kz, uzh-almaty.kz).

5. Қандай жағдайда кезекке өтініш қабылданбайды?

Өтінішті Тұрғын үй басқармасы тексереді. Оның кері қайтарылуы құжаттың дұрыс болмауына байланысты. Алайда өтінішті қайта жіберуге болады, шектеусіз.

Көп адамдар ескере бермейтін жағдайлар:

  • ХҚКО беретін мекен-жай анықтамасы сіздің соңғы тіркеудегі мекеніңізді көрсетеді. Мысалы, Сіздің Алматы қаласында тұрақты 3 жыл тіркеуіңіз бар, бірақ соңғы мекен-жайыңызда 1 жыл ғана тұрсаңыз, ХҚКО беретін анықтама жарамайды. Ол үшін Көші-қон басқармасынан соңғы 3 жылдағы тіркеулеріңіз туралы анықтаманы алуыңыз керек.
  • Әдетте мекен-жай анықтамасында тіркеуге тұрған күні және анықтаманың берілген күні көрсетіліп тұрады. Кейде тіркеуге тұрған күні көрсетілмей қалатын жағдайлар болады. Сол себепті анықтаманы алар уақытта даталардың жазылғандығына мұқият мән беріңіз.
  • Тұрақты тіркеуіңізге күні, айы, жылымен сай 3 жыл толуы керек. 1 күн толмаса да өтінішіңіз кері қайтарылады.
  • Жалғызбасты ана ретінде жеңілдік алу үшін, бала әкесіне "әкелікті тану" құқығы берілмеген болуы тиіс.