Нұрсұлтан Назарбаев Армения Республикасының Премьер-министріне жеделхат жолдады.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы Никол Пашинянды Армения Республикасының Премьер-министрі болып тағайындалуымен құттықтады.
Достық пен түсіністікке негізделген Астана мен Ереван арасындағы өзара тиімді қарым-қатынастар халықтарымыздың игілігі жолында одан әрі нығая түседі деп сенемін. Сізге зор денсаулық пен күш-қайрат, жауапты қызметіңізге мол табыс, ал барша достас Армения халқына бейбіт өмір мен береке тілеймін, — делінген Қазақстан Президентінің жеделхатында.
Еске салайық, 14 қаңтарда Армения Президенті Армен Саркисян Никол Пашинянды елдің Премьер-министрі етіп тағайындады. Никол Пашинянның «Менің қадамым» атты блогы 2018 жылдың 9 желтоқсанында өткен парламент сайлауында жеңіске жеткен еді.
