Жауын-шашын мен жел: 16 қаңтар күнгі ауа райы

16 қаңтарда Қазақстанның көп бөлігінде күн жауын-шашынды болады. «Қазгидромет» РМК мамандарының хабарлауынша, республика аумағында тұман түсіп, көктайғақ болады. Жел күшейіп, бұрқасын соғады.

Алматы, Жамбыл облыстарының кей жерлерінде тұман түсіп, көктайғақ болады, 15-20 м/с жел соғады, жел екпіні секундына 23-28 метрге дейін күшеюі мүмкін.

Шығыс Қазақстан облысында бұрқасын соғады, көктайғақ болады, жел екпіні 25 метрге күшейеді. Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде тұман, көктайғақ болады, жел күшейеді.

Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарында тұман түседі. Астанада 9 градус аяз, Алматыда 5 градус жылы, Шымкентте 9 градус жылы болады.

Жамбыл, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында жаңбыр, көктайғақ пен боранға байланысты республикалық, облыстық маңызы бар бірқатар автокөлік жолы жабық тұр. Жамбыл, Түркістан, Алматы облыстарында тау өзендерінің тасу қаупі бар.