Қазақстанда сапа мен қауіпсіздікті бақылайтын жаңа комитет құрылады

Қазақстанда Тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау жөніндегі комитет құрылады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты.

Денсаулық сақтау министрлігі жанынан Тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау жөніндегі комитет құрылады, оған адам денсаулығына ықпал ететін тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін; медициналық қызмет сапасын; дәріханаларда бөлшек сауданың шекті бағасын сақтауды бақылаумен бірге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы саласын; халықтың санитарлық-эпидемиологиялық амандығын қамтамасыз ету саласын бақылау функциясы беріледі, — деді министр Үкімет отырысында.

Елжан Біртановтың айтуынша, комитет пен оның аумақтық бөлімшелерін құру жөніндегі барлық ұйымдастыру жұмысы 2019 жылдың сәуір айында аяқталады. Мұндай комитет құруды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтқан еді.

Еске салайық, 2019 жылдан бастап елімізде дәрі-дәрмек бағасын реттеу жүйесі енгізіледі. Мемлекет басшысы халықты дәрілік қамту жүйесін жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.