Жылдағы дәстүр бойынша Медицина қызметкерлерi күнi қарсаңында 14 маусымда, «Достар» мәдениет сарайында «Екi жұлдыз» атты шоу-бағдарлама болды. Шоу-бағдарламаны ұйымдастырудағы мақсат — медицина мамандарының беделiн көтеру, шығармашылық өсуiне ықпал жасап, өнерлерiн насихаттау, сахнадағы қабiлеттерiн жетiлдiру.
Бағдарламаға 13 жұп қатысты, олардың бiреуi вокал өнерiнiң кәсiби орындаушысы болса, екiншiсi — медицина қызметкерi. Әрбiр жұп бiр музыкалық композицияны орындап, таңдаған әнiне байланысты өздерiнiң сахналық образын сомдайды. «Екi жұлдыз» шоу-бағдарламасының қойылым-режиссерi «Достар» мәдениет сарайы директорының орынбасары Сәуле Исакова, iс-шараның демеушiсi — Алматы қаласындағы «Бьюти мания», «Ароматы Парижа» жоғары сапалы кәсiби парфюмерлi косметикасын ұсынатын «Французский дом» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi.
Көрермендердiң ыстық ықыласына бөленген мына жұптар «Екi жұлдыз» байқауының жеңiмпазы атанды: бiрiншi орын — Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансердiң ұйымдық-әдiстемелiк бөлiмiнiң меңгерушiсi Лилия Высоцкая мен «Достар» мәдениет сарайының әншiсi Қайрат Кенжетаев; екiншi орын №1 қалалық емхананың рентген-лаборанты Дархан Дабуков пен №1 қалалық емхананың «Таволга» халықтық ансамблiнiң әншiсi Виктория Грудина; екiншi орын Ақмола облыстық жүйке аурулары ауруханасының қызметкерi Бағдат Құдабаев пен Ақан серi атындағы мәдениет колледжiнiң вокалды жетекшiсi Алла Беш; екiншi орын облыстық наркологиялық оңалдыру орталығының мейiрбикесi Зухра Әубәкiрова мен рок тобының жетекшiсi Вадим Белый; үшiншi орын жедел жәрдем стансасының фельдшерi Рысбек Шәрiпов пен облыстық филармонияның әртiсi Ләззат Iдiрiсова; үшiншi орын СПИД-пен күрес орталығының мейiрбикесi Майра Жанағабылова мен «Көкше» мәдениет үйiнiң әншi-сазгерi Жанатқазы Дәмелқазы; үшiншi орын перинаталдық орталықтың аға акушерi Валентина Хромец пен «Мәдениет саласының үздiгi» төсбелгiсiнiң иегерi, дыбыс режиссерi Андрей Бажанов.
