Атбасарда қысқа мерзімді курстан биыл 65 адам өтті

Бүгінде аудан бойынша нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы да белсенді қолға алынды. Қазіргі уақытта жұмыссыз жүргендерді техникалық және кәсіптік оқумен қамтамасыз ету бағытында қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылған. Бибінұр Әмірханқызының бейнематериалы.

Атбасар қаласындағы № 11 агротехникалық колледжінде бүгінде аспазшы мамандығын игеру мақсатында жұмыссыз ретінде тіркелген 20 адам оқытылуда. Олардың қатарында нәтижелі жұмыспен қамтылу мақсатында арнайы ауылдан келгендер де бар. Артық шығынға батырмас үшін ауылдан келгендерге мемлекет тарапынан пәтерақы төленеді. Ал жаңа кәсіпті иегерем деушілердің барлығына бірдей 16759 теңге көлемінде шәкіртақы және жолақы төленеді.

Колледж қабырғасында сондай-ақ, ауылшаруашылығы өндірісіне қажет тракторшылар мен электрогаздәнекерлеуші, металл жонушы сияқты мамандықтар бойынша оқытылады.

Ал Атбасар қаласындағы индустриалды-техникалық колледжінде шаштараз мамандығы бойынша 15 адам оқытылуда. Сөйтіп, қысқа мерзімді курстан биыл барлығы 65 адам өтеді деп жоспарланып отыр.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағыты бойынша, яғни «Бастау бизнес» жобасы аясында биыл Атбасар ауданы бойынша 216 адам оқытылмақ. 145 миллион теңге көлемінде шағын несие беріледі деп жоспарланып отыр.