Қазақстанда мамырдың екінші жексенбісі — Аналар күні. Биыл бұл мерекені 10 мамырда атап өтеміз. Еліміздегі әйелдердің басым бөлігі бала тәрбиесіне көңіл бөліп, баланың эмоциялық және дене дамуын қадағалап, отбасындағы қарым-қатынасты реттеп, жеке дамуын қатар алып жүруге бейім.
Baribar.kz Қазақстандағы аналардың отбасындағы рөлі мен құндылығы жайлы зерттеуді ұсынып отыр.
Елімізде әйелдер дәстүрлі құндылықтар жүйесі негізінде ана болады
Қазақстандық қоғамдық даму институтының «Қазақстандағы отбасылар» деген зерттеуі бойынша, еліміздегі әйелдер дәстүрлі құндылықтар жүйесі негізінде ана болады. Сауалнамаға 3000 адам қатысып, әлеуметтану бағытындағы сұрақтарға жауап берген. Әйелдер ерлерге қарағанда отбасының маңызды құндылығы деп қамқорлық, өзара сыйластық (73,3%), бала болғаны (39,8%) мен сүйіспеншілікті (38,9%) айтады.
Әйелдердің 79%-ы бала тууды жоспарлау қажет деп есептейді
Әйелдердің 79%-ы бала тууды жоспарлау қажет деп есептейді. Олардың ойынша (52%-ы), әкесінің бала тәрбиесіне селқос қарауы — өзекті мәселе. Қазақстанда ана болу — тек бала туу емес, балаға, баланың өміріне жауапкершілік алып, тұлға болып қалыптасуына үлес қосу.
Әйелдер баламен көбірек уақыт өткізеді
Әйелдердің 44,5%-ы, ал ерлердің 25,6%-ы баламен тұрақты уақыт өткізеді. Алайда бұл көрсеткіштің жиынтық үлесі 100% емес. Өйткені сауалнамада бірнеше жауап нұсқасы болған.
Әйелдердің көбі емізулі баласы болса, жұмыс күнін қысқартуға болатынын білмеген
Қазақстандағы гендер саясаты жайлы зерттеу дерегінше, біршама әйел емізулі баласы бар аналардың қысқарған жұмыс күні жайлы білмеген. «Емізулі аналардың қысқарған жұмыс күні бар екенін білесіз бе?» деген сауалға әйелдердің:
- 7%-ы жауап беруге қиналған;
- 5,8%-ы іс жүзінде қолданған;
- 39,2%-ы естісе де, бұл құқығын пайдаланбаған;
- 3,5%-ы «Жұмыс беруші қысқарған жұмыс күнін бекітуден бас тартты» деп жауап берген;
- 44,6%-ы мұндай жеңілдік бар екенін білмеген.
Қазақстанда ана мен баланы қолдау үшін заңнамалар мен институт жүйесі нығайды. Бала күтіміне жәрдемақы мен әлеуметтік көмек беру мерзімі 12 айдан 18 айға дейін ұзарды. Сонымен қатар көпбалалы аналар мен мүгедектігі бар баласы бар ата-анаға мемлекеттік жәрдемақы беріледі.
***
Тағы оқыңыз:

