Қазақстан парламенті мәжілісі мемлекеттік қызметшілердің еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған жаңа заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Құжат «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңы аясында бірқатар маңызды өзгерістерді қамтиды.
Заң жобасы бойынша, мемлекеттік қызметшілер үшін жұмыс уақыты нақты реттеледі: күнделікті жұмыс ұзақтығы сегіз сағаттан, ал апталық жүктеме 40 сағаттан аспауға тиіс. Сонымен қатар І және ІІ топтағы мүгедектігі бар қызметкерлерге аптасына 36 сағаттан аспайтын қысқартылған жұмыс уақыты белгіленеді.
Жүкті әйелдерге, үш жасқа дейінгі баласы бар ата-аналардың біріне және науқас туысына күтім жасап отырған қызметкерлерге икемді, яғни толық емес жұмыс уақыты қарастырылады. Бұл өзгеріс олардың жұмыс пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті сақтауына мүмкіндік береді.
Құжатта сонымен қатар көлденең мансаптық ілгерілеу тетігі енгізіледі. «Б» корпусы шеңберінде бір әкімшілік лауазым ішінде бірнеше деңгей белгіленіп, әр деңгейге сәйкес жалақы мөлшері айқындалады.
Аталған жаңашылдықтар пилоттық жоба ретінде екі жыл бойы Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігі, ҚР әділет министрлігі, Қазақстан Республикасы ұлттық экономика министрлігі, сонымен қатар Астана қаласы мен Атырау облысының әкімдіктерінде іске асырылады.
