ҚМА «Интерфармсервис» компаниясының басшыларына қатысты ірі көлемдегі қаржылық заңбұзушылық фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, компания Дюшенн бұлшықет дистрофиясын емдеуге арналған дәрілерді Қазақстанға бес жыл бойы жеткізіп келген. Алайда басшылық заңсыз пайда табу мақсатында жеткізу тізбегіне Біріккен Араб Әмірліктері аумағында тіркелген өздеріне бағынысты компанияны қосып, жалған мәмілелер жасаған. Осы схема арқылы дәрі-дәрмек бағасы қолдан қымбаттатылып, заңсыз табыс алынған.
Сонымен қатар тергеу барысында компанияның салықтан жалтару үшін жалған шот-фактуралар рәсімдеп, жеке кәсіпкерлер арқылы қаржы айналымын жасырғаны анықталған. Нәтижесінде 4 миллиард теңгеден астам қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, 637 миллион теңгеден астам салық төленбеген. Заңсыз табысқа күдіктілер 32 пәтер, 11 автокөлік және сегіз тұрғын үй сатып алған. Аталған мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды, — делінген хабарламада.
Қазіргі таңда екі күдіктіге қатысты үйқамақ, ал үшінші тұлғаға кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
