Үкімет Риддердегі ЖЭО-ны жаңартуға қаржы бөлді

Үкімет ШҚО-дағы Риддердің жылу желілері мен жылу электр орталығы жабдықтарын жөндеуге шамамен 1,8 миллиард теңге бөлді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған.

Бөлінген қаражат қаланың жылумен қамтамасыз ету жүйесінің сенімдігін арттыруға және инфрақұрылымды 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындауға бағытталады.

Үкімет мәліметінше, қаржы жылу желілеріндегі тозығы жеткен 12 учаскені жөндеуге, сонымен қатар Риддер ЖЭО-дағы №5 және №6 қазандық агрегаттарында күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтауға жұмсалады.

Өткен жылыту маусымында кейбір учаскелерде ақаулар мен тозу белгілері анықталған болатын. Осыған байланысты жүйені кезең-кезеңімен жаңарту қажеттігі туындаған.