300-ден астам тірек: Астана мен Қосшыны жалғайтын LRT салынып жатыр

Астана әкімдігі елордада Қосшы бағыты бойынша LRT желісінің екінші кезеңінің құрылысы басталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Әкімдіктің мәліметінше, бұл жоба қала мен оған іргелес елді мекендер арасындағы көлік қатынасын жақсартуға бағытталған.

Жоба аясында алғашқы жұмыстар қолға алынып үлгерді: желінің бірінші тірегін құю аяқталып, көпір бөлігіне арналған алғашқы темірбетон арқалық дайындалған. Құрылыс барысында ауқымды инженерлік жұмыстар жүргізіледі. Атап айтқанда, 300-ден астам тірек орнатылып, 538 темірбетон құрама арқалық дайындалады. Сонымен қатар сегіз монолитті арқалық салу жоспарланған, — делінген хабарламада.

Мамандардың айтуынша, жобаның екінші кезеңі іске асқан жағдайда елорданың көлік инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтеріледі. Бұл Астана мен қала маңындағы аудандар арасындағы қатынасты жеңілдетіп, жолаушылар ағынын тиімді реттеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жоба елорда маңындағы елді мекендердің дамуына серпін беріп, өңіраралық байланысты нығайтуға ықпал етеді.