Шымкентте ҚМА департаменті өзін экономикалық тергеп-тексеру қызметінің қызметкері ретінде таныстырған азаматтың заңсыз әрекетін әшкереледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2025 жылғы қыркүйекте күдікті ЭТҚ қызметкері ретінде жалған танысып, жергілікті компания басшысынан 25 миллион теңгені алдау жолымен иемденген.
Ол бұл қаражатты медициналық мекемені тексерілетін субъектілер тізімінен шығарып беруге ықпал етемін деген сылтаумен алған. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр, — делінген хабарламада.
Агенттік Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейтінін атап өтті.
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды сақ болуға, ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге және алаяқтық әрекеттерден сақтануға шақырды.
