World Boxing кезеңі: Қазақстан құрамасы үздік үштікке енді

Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында World Boxing ұйымдастырған Әлем кубогының кезеңі аяқталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қазақстан ҰОК мәліметінше, финалдық кезеңде үш қазақстандық боксшы алтын медаль үшін шаршы алаңға шықты.

80 келіден жоғары салмақта Валерия Аксенова венгриялық Жофия Сираны 5:0 есебімен айқын жеңді. 85 келіге дейінгі салмақта Сұлтанбек Айбарұлы бразилиялық Кауе Белинимен кездесіп, 4:1 есебімен басым түсті. Ал 65 келіге дейінгі салмақта Аида Әбікеева Навбахор Хамидоваға 0:5 есебімен есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды. Осылайша, Қазақстан құрамасы жарысты үш алтын, бір күміс және үш қола медальмен аяқтады, — делінген хабарламада.

Бұған дейін Виктория Графеева (60 келіге дейін) чемпион атанса, Алуа Балқыбекова (51 келіге дейін), Жібек Жарасқызы (80 келіге дейін) және Диас Молжігітов (80 келіге дейін) қола жүлде иеленді.

Жалпыкомандалық есепте Қазақстан үшінші орынға тұрақтады. Бірінші орынды Бразилия (төрт алтын, бес күміс) алса, екінші орын Қытай құрамасына бұйырды (төрт алтын, бір қола).